Шымкент қаласына кіріп шығу 28 наурыздан бастап кешкі 21:00 мен таңғы 07:00 арасында тоқтатылды. Бұл жайында мегаполис әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр БАҚ өкілдерімен өткен брифингте хабарлады. Сонымен қатар, әуе рейстері мен темір жол қатынастары тоқтатылады. Ал, вирус жұқтырған азамат пен оның анасы тұрған “Тәуелсіздікке 20 жыл” тұрғын алабы 14 күнге карантинге жабылады. Тұрғындар тек дәріхана мен азық-түлік алуға сыртқа шыға алады. Карантинннің ережесін бұзған азаматтар қатаң жазаға тартылуы мүмкін.
Ал, жағдайы төмен отбасылар мен артық қоры жоқ жанұялардың жағдайы не болары әлі белгісіз?.. Құзырлы органның айтуынша, әр үйден анкета толтырылуда, нәтижесіне сай көмек көрсетілуі мүмкін.
Брифингте талқыланған екі өзекті мәселенің бірі медициналық бетперденің қымбаттауы мен жетіспеушілігі. Қаламызда бетперде шығаратын 18 фабрика мен шағын кәсіп орындар бар. «Олар бүгінге дейін 502 мың 300 маска тігіп үлгерген. Күніне 60 мың данасын өндіреді. Осы қарқынмен жұмыс жалғасса 1 аптаның көлемінде қала тұрғындарын толықтай медициналық бетпердемен қамтамасыз ете аламыз», — дейді әкімнің бірінші орынбасары
Шаһарда антисептик шығаратын 3 кәсіп орын бар. Олар күніне 10 тонна залалсыздандырғыш құрал шығарады. Өнімнің көлемі артуы үшін кәсіпорындарға мемлекет тарапынан көмек көрсетілуде.
Айта кетейік, коронавируспен қарсы күреске мемлекеттік бюджеттен 4,4 триллион теңге бөлінген. Ал Шымкент қаласының қорынан 230 млн теңге жұмсалу көзделіп отыр. Ерікті кәсіпкерлер бөлген қаржының жұмсалу бағытын қадағалаушы арнайы 7 адамнан тұратын “Шымкент әлеуметтік кәсіпкерлік қоры” комиссиясы да құрылған. Бүгінде басты іс-шаралар вирустың таралмауына бағытталып отыр.
«Айғақ-Ақпарат»