Өмірзақ Шөкеевтің ел алдындағы еңбегіне жоғары бағасын берген Түркістан облысының ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы ауыл шаруашылығының да тамырына қан жүгіргендігін айтады. Ағын судан тарығып келген түркістандық шаруалар биыл қара жерден қаптап өнім алатын болады. Өйткені, кеңес кезеңінен назарға алынбай келген «Арыс-Түркістан» каналы халықтың сұранысымен әкімнің тапсырмасына сәйкес бетондалып, жылда жерге сіңіп кететін су енді 100 пайыз егін басына жеткізілмек. Көктемдегі жауынды тиімді пайдалану үшін 1 емес, 5 бірдей суқойма салынған. Кентау бағытындағы ескі су арнасы да қалыпқа келтіріліп, тіршілік нәрінен тарыққан шаруалар үшін ағын су қолжетімді бола түсті. «Халық Шөкеев деген тегіне емес, жұмысына дән риза», — деген Жарылқасын қария ортағасырлық түркі дүниесінің рухани орталығы болған Түркістанның бүгіні мен болашағының дамуында әкімнің айтулы еңбегінің жалпы жұрттың да жоғары бағалауын заңдылыққа балайды. Бұдан бөлек, аудан-қалалардағы дамылсыз жүргізіліп жатқан жұмыстың ретін қосыңыз…
Археологиялық қазба жұмыстары мен заманауи құрылыстың қатар қолға алынуы — қазақ хандары мен батыр, би-шешендерінің мәңгілік жаны жай тапқан қастерлі мекеннің қасиетін айшықтай түспек. Олай болса, Түркістанға келіңіз, жұмыр тірліктің тізгінін тізбектеп көріңіз!