Шымкенттегі жырға айналған көпір пайдалануға берілді. 2015 жылы құрылыс жұмыстары басталған, заманауи көпірдің қызыл лентасы мереке қарсаңында киылып отыр. Бұған дейін тұрғындар жаяу жүргіншілерге арналған жолақ арқылы жолдан өтіп жүрген болса, енді лифтісі бар жерүсті көпірі арқылы жүретін болады. Жаяу жүргіншілер жолағы алынып, жолдың жиегі қоршалды.
Темірлан тас жолымен Мангелдин көшесінің қиылысындағы қозғалысты жеңілдету үшін жер үсті көпірі 2015 жылы шешім қабылданып, басталған болатын. Қоғамның арасында талқыға түскен көпірдің жырына бүгін нүкте қойылды. Жаңашаһар мөлтек ауданындағы көшенің жол жиегінде білім ордасы мен аялдама орналасқан. Жаяу жүргіншілер көп жүретін көше болғандықтан бұл жерде көлік кептелістері жиі болып, қоғамдық көліктер мен жүргізушілерге ыңғайсыздық тудырып келді. Енді, ешқандай кедергісіз қала тұрғындары баспалдақпен жоғары көтеріліп, қауіпсіз жолдың арғы бетіне өте алады. Абай ауданының ақсақалдары көпірдің қызыл лентасын қиып, басшылыққа келгеніне аз уақыт болған Мұрат Әйтеновке ақ батасын берді.
Бұл көпірдің аяқталуы Мұрат Әйтеновтың әкім қызметін атқаруымен тұспа тұс келді. Құрылысқа жетекшілік еткен басшылар мен мамандардың жұмыстарының нәтижесімен танысқан мегаполис мэрі алғашқылардың бірі болып көпір үстімен өтті. Екі жолды байналыстырып тұрған бұл өтпел мегаполистіктер үшін, әсіресе балалар үшін қауіпсіз болмақ. Шымкент қаласының көрікті жерлерін көпір үстінен көруге болады. Шымкенттегі қайнаған тіршілігі бар ортаның бірінде орналасқан жер үсті көпірінің аяқталғанына қала тұрғындары дән ризашылықтарын білдіруде. Көпір ішінде зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін лифті орнатылған.
Шымкентте енді жер үсті 3 көпір бар. Бірі Ордабасы алаңында, бірі он сегізінші шағын ауданында орналасса, су жаңа көпір Темірлан тас жолымен Мангелдин көшесінің қиылысында. Бұл жырға айналған көпірдің ерекшелігі үш жағынан лифті орнатылғандығында.