ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасы қаралды.
Тұжырымдаманы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев таныстырды, Қазақстан мұнайшылар-геологтар қоғамының президенті Б. Қуандықов, «Шелл Қазақстан» компаниясының коммерциялық мәселелер жөніндегі бас менеджері Э. Мерфи, «Қазақмыс Барлау» бас директоры Ғ. Нұржанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р. Скляр ҚР-да геологиялық барлауды дамыту тәсілдері мен мәселенің өзектілігі туралы баяндама жасады.
Әзірленіп жатқан 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан аумағының геологиялық зерделенуін қамтамасыз етуге, минералдық-шикізат базасын толықтыруға (пайдалы қазбалар қорларының өсімі), жер қойнауын геологиялық зерттеуді ғылыми-зерттеушілік қамтамасыз етуге, автоматтандыру мен цифрландыруға, инфрақұрылымды дамытуға және геологиялық саланы кадрлық қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен 200 млрд теңгеге жуық қаражат бөлу, сондай-ақ шамамен 800 млрд теңге жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр.
Мемлекеттік бағдарламаны орындау алаңдарды геологиялық жете зерттеуді 94,5%-дан 100%-ға дейін, тереңдік, геологиялық-минерагендік картаға түсіруді 25,8%-дан 37%-ға дейін арттыруға, қатты пайдалы қазбалардың 50-ге жуық перспективалы алаңын анықтауға, шөгінді алаптардың геологиялық зерделенуін қамтуды: игерілгендерді – 60%-ға дейін, аз зерттелгендерді 10%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Болжамдық ресурстардың өсуі күтілуде, оның ішінде алтын – 200 тонна, мыс – 5 млн тонна, полиметалдар – 5 млн тонна, уран – 50 мың тонна, көмірсутектер – 700 млн тонна. Геологиялық барлау саласы қызметкерлерінің саны 190 мыңнан 250 мың адамға дейін артады.
«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев экономиканың дәстүрлі өндіруші салаларының тиімділігін арттыру және Қазақстанды геологиялық барлаудың әлемдік нарығына шығару жөнінде міндет қойды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметке геологиялық барлаудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Мұнай-газ және тау-кен металлургия секторларын тұрақты шикізат базасымен қамтамасыз ету қажет. Қазіргі бар кен орындары біртіндеп сарқылуда. Сонымен бірге, қазіргі уақытта Қазақстан аумағының зерттелу деңгейі 25%-дан сәл ғана асып отыр», — деді А. Мамин.
Премьер-Министр Геологиялық барлаудың мемлекеттік бағдарламасын тиімді іске асыру салынған 1 теңгеге 4 теңгеге дейін қосымша жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Еліміздің, әсіресе моноқалалардың маңында минералдық-шикізат базасын молықтыру экономикаға оң әсерін тигізіп, өнеркәсіп салаларын дамыту үшін нақты негіз болады.
«Кен орындарын ашқан кезде жаңа өндірістік кешендер құрылады, бұл 6 трлн теңгеге дейін инвестиция тартуға және қосымша 20 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті А. Мамин.
Премьер-Министр геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу кезінде геофизикалық зерттеулер мен Жерді қашықтан зондтаудың жаңа әдістерін қолдану қажет екенін атап өтті.
Үкімет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне осы жылдың 31 мамырына дейін Мемлекеттік бағдарламаның жобасын Үкіметке енгізуді тапсырды.
primeminister.kz сайтынан