Еліміздегі оқу орындарының үздік ондығына кірген М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 7 мыңнан астам студент оқиды. Оның ішінде 962-сі «Серпін»бағдарламасы бойынша білім алса, 560 студент Оңтүстік өңірінен келгендер. Осы ретте, Солтүстік Қазақстан облысында жүрген түркістандық делегация осында білім алушылардың жағдайымен танысып, жиын өткізді. Бас қосу барысында «Айғақ» телеарнасының басшысы, облыстық мәслихат депутаты, Түркістан облысының қоғамдық кеңесінің мүшесі Дулат Әбіш студенттердің алдағы жоспарларына сәттілік тілеп, ізгі ниетін білдірді.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне 2019-2020 оқу жылына мемлекет тарапынан 5000 грант бөлінген. Алайда, оның тек 2000 ғана игеріліпті. Осылай деген білім ордасы басшысының міндетін атқарушы Ербол Исақаев сәуір айында Түркістан облысы және Шымкент қаласына арнайы мамандарды жіберіп, ағымдағы жылдың түлектерін Солтүстік жеріне тарту үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Яғни, өткен жылы Түркістан облысынан тек 8 аудан «Серпін» бағдарламасы бойыша білім алуға белсенділік танытқан болса, ағымдағы жылы үгіт-насихат жұмыстарын кең көлемде жүргізіп, оңтүстіктен солтүстікке оқуға келген білім алушылардың санын еселендіру көзделуде.