Алматы әкімі Б. Сағынтаев Kazakhstan Growth Forum 2019 Almaty City: Vision 2025 баяндама жасап, қаланы дамытудың стратегиялық бағыттары туралы айтты, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Баяндама барысында мегаполис басшысы Алматы 5 млн адам үшін толыққанды метроөңір болуы тиістігін де тілге тиек етті.
Оның сөзінше, Алматы – еліміздің негізгі қақпасы ғана емес. Оңтүстік астана – барша Оңтүстік Азия өңірінің жаһандық интеграциясының драйвері және болашақта Жаңа Жібек Жолының іскерлік және мәдени астанасы. Өйткені Алматыда ірі сауда-логистикалық хаб, жаңа Жібек Жолының дәл ортасындағы коммуникациясы торабы болудың барлық мүмкіндіктері бар.
Бәсекеге қабілетті болу үшін біз алдыңғы қатарлы қалалардың жоғары стандарттарына сай болуымыз керек. Алматы заманауи ұсыныстарға дайын болуы және ауқымды міндеттерді шешуі тиіс.
«Біздің қаламыздың мақсаты мен стандарттарын дамыту – 5 млн халқы бар метроөңірдің алғашқы жаһандық интеграторы және өңірлік хабына айналуға негізделген. Кез-келген заманауи мегаполис ретінде Алматы өмір сүруге жайлы, бизнес үшін перспективалы, коммуникация үшін қолайлы болуы тиіс. Мұнда қаланың дамуына үлес қосуға ынталы жанның «Алматылық арманы» орындалуы қажет», — деп атап өтті Б. Сағынтаев.