Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесіп, этномәдени бірлестіктердің жұмысымен танысты, — деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында қала әкімі Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді, тұрақтылықты сақтау, қоғамның бірлігін нығайту бағытындағы тапсырмаларды орындаудың маңыздылығын атап өтті. — Еліміз үшін тұрақтылықтың маңызы зор. Тұрақтылық болған жерде береке орнап, алға қойған мақсатарымызға жете аламыз. Күні кеше Мемлекет басшысының Жолдауында Қоғамдық келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі екендігі айтылды. Сондай-ақ, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде қалыптасыру үшін нақты міндеттер қойылып отыр. Алдымызда Елбасы мен Президенттің тапсырмаларын нәтижелі іске асыру міндеті түр, – деді қала әкімі Қуаныш Айтаханов.
Жиында Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратовтың баяндамасы, ассамблея мүшелерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ерлан Айтаханов тұрғындармен ашық диалог орнату арқылы мемлекеттік маңызды бастамаларды түсіндіру, келер жылы қаламыздың ТМД елдерінің астанасы атануына орай жұмысты ширату, жастар тәрбиесі, еріктілер жылына орай этнос жастарымен жұмысты жандандыру, медиация желісі аясында «Татуласу алаңдарын» құру жөнінде ассамблея хатшылығы мен бірқатар басқармаларға нақты тапсырмалар берді.
Бүгінде Шымкент қаласында 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. 16 этномәдени бірлестік елдің берекелі бірлігін бекемдеп, ырысты ынтымағын арттыру бағытында табысты жұмыс істеп келеді.
Қалалық ассамблея жанында 8 қоғамдық құрылым бар. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанынан «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы, қала аумағындағы 38 колледж жанынан «Достық» клубтары ашылған.
Ассамблея жанындағы Қоғамдық келісім кеңестері Мемлекет басшысының жаңа әлеуметтік саясаты шеңберінде 105 кездесу өткізді. Онда қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алу бағытында қабылданған 35 ұсынымның 21-і орындалды. Ал, Аналар кеңестерімен барлығы 76 іс-шара өткізілген.