Еліміздегі барша білім ордалары 1 қыркүйек — Білім күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастыруда. Олардың қатарында Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық университеті де бар.
Аса қадірлі мамандық иелерін — ұстаздарды дайындайтын білім ошағы қасиетті қара шаңырақ саналады. Болашағын ұстаздық қызметпен байланыстыратын студенттер дәл осы білім ордасында өз білімін жетілдірмек. Сондықтан да, бүгін 1-курс студенттерін қабылдау салтанатты шарасы өтіп жатыр.
Алғаш жоғары оқу орнына келген студенттердің бойынан қобалжу да байқалады. ОҚМПУ -де өтіп жатқан мерекелік шараға арнайы қонақтар да келген. Баршаға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында арнайы бағдарлама да ұйымдастырылған.
Айтып өтейік, ҚР Білім және ғылым министрінің мәліметіне сүйенсек, еліміз бойынша жаңа оқу жылында 3 млн-нан астам оқушы оқуын жалғастырады. Сондай-ақ, алғаш рет 400 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттады. Білім күні оқушыларды 300 мыңға жуық педагог қарсы алады. 10 мыңнан астам жас педагог кәсіби қызметке кіріседі.