Шымкенттің қоғамдық көліктерінде жолақы төлемі мәселесінде «Shymkent» ӘКК» АҚ тарапынан автоматизацияға көшу ісі қарастырылып жатыр. Электронды билеттерді енгізу, автобустарға берілетін субсидия мәселесі алдағы 6 ай уақыт ішінде толыққанды зерделеніп, нақты шаралар кешені белгіленетін болады. Бұл туралы «Shymkent» ӘКК» АҚ-ның басқарма төрағасы Әбілсейіт Рабаев «Айғақ» телеарнасына берген сұхбатында айтып берді.
Мұнан өзге, «Shymkent bus» компаниясы төңірегінде туындаған мәселелер аз уақыттың ішінде өз шешімін тапты. Қала әкімі Ерлан Айтаханов назарына алған жүргізушілердің жалақысына қатысты проблема оңтайлы жүзеге асты. Жыл басында «БРК лизинг» АҚ арқылы әкелінуі тиіс қоғамдық көліктердің 276-ы мегаполиске жеткізілген. Бүгінде 175 автобус қала төңірегінде өз міндетін атқарып жатыр. «Shymkent» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Әбілсейіт Рабаев бұл салада проблемалық мәселелердің жеткілікті екендігін айтып отыр. Құжаттардың уақытында дұрыс рәсімделмеуіне байланысты қызметкерлердің жалақысына қатысты мәселе туындаған. Қазіргі таңда бұл жұмыстар бойынша тиісті тексерулер мен арнайы шаралар қолға алынған. Айта кетейік, «Shymkent bus» компаниясының 42 пайыз үлесі — «Shymkent» ӘКК» АҚ-ның меншігінде болса, қалған 58 пайызы — кәсіпкерлердің үлесінде. Сондықтан да, аталмыш қоғамдық көліктерді жүргізу мәселесі — бизнеске кіріскен кәсіпкерлердің тікелей жауапкершілігінде. Ал, 101 автобустың маршрутқа жіберілуі өз кезегінде қарастырылып жатыр.
Естеріңізге салайық, 19 маусым қала күніне орай Шымкентте жаңа «Shymkent Bus» автобус паркі ашылды. Мұнда жанармай бекеті, сервистік орталық, автожуу қызметінен бөлек, қызметкерлер үшін жатақхана, медпункт және жүргізушілерге арналған асхана да қарастырылған болатын. Жобаның операторы болып «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ анықталып, ал әріптестері болып «БРК-Лизинг» АҚ мен «СарыарқаАвтоПром» АҚ белгіленді. Осыған дейін хабарланғандай қаладағы автобустарды жаңалау үшін аталған парк жыл соңына дейін жаңа 1000 автобуспен толықтырылатыны туралы айтылған болатын. Қазақстанда құрастырылған жаңа автобустар салқындатқыштармен, пандустармен, бейнекамералармен, жолаушылар ағынының датчиктерімен, GPS-трекерлермен жабдықталған. Автобустың жалпы сыйымдылығы 56 адам.
Саладағы қордаланған проблемаларды шешу үшін бұл бағыттағы басқару моделін өзгертуге Әбілсейіт Рабаевтың жолаушылар көлігі саласында қарым-қабілеті жеткілікті және мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол.
«Айғақ-Ақпарат»