«Jas Otan» ЖҚ Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Nur Otan» партиясында кәмелет жасқа толмағандардың мәселесі талқыға түсті. Сондай-ақ, азаматтық және әкімшілік істер туралы ең өзекті жайттар, отбасын құру, ажырасу, бала асырап алу және оның салдары, тиімді және тиімсіз тұстары тілге тиек болды.
Кездесу барысында Арман Әлібеков жастарды қолдауға тұрғын үй беру, кәсібін ашуға қолайлы несие беру, ең маңыздысы жастардың құқығын қорғау мемлекет тарапынан бағдарламалар жасалынып отырғанын айтып өтті.
Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы өз кезегінде Дәурен Сайханов бала құқықтарына тоқталып өтті.
— Кез келген мемлекетте, қандай да бір қоғамда балалар ерекше қамқорлықта және қорғалуда, бала он сегіз жасқа толмаған болса, кәмелет жастағы бала болып есептелінеді. Баланың заңды өкілдері – ата-ана, бала асырап алушылар, қорғаншы, қамқоршы, патронат тәрбиелеуші, баланы қабылдайтын ата-аналар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балаға қамқорлық жасау керек. Балалардың құқықтарын шектеуге болмайды. Қолымызда барымыздың ең қымбаттысы — балалар, сондықтан да олардың өмірі қаншалықты қалыптасқандығы, мемлекет олар үшін қандай жағдайлар жасағандығына байланысты еліміздің келешегі айқындалады. Осыған байланысты балаларды, олардың негізгі құқықтарын қорғау мәселелері – кез келген мемлекеттің басты көкейкесті қызметі болып табылады.
Жиын соңында Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Сайханов пен «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» ЖҚ Шымкент қалалық филиалының төрағасы Арман Әлібеков ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Дереккөз: «Айғақ-Ақпарат»