Бүгін Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов Беларусь Республикасының «Пожснаб» жауапкершілігі шектеулі қоғамының өкілдерін қабылдады. Кездесуге келген беларустық мамандар заманауи өрт сөндіру техникаларын, арнайы жабдықтарын ұсынды және олардың мақсаты мен техникалық сипаттамасын түсіндірді. Қала басшысы өрт сөндіру техникасының талапқа сай болу керектігін атап өтті.
«Бүгінде еліміздегі үшінші мегаполис мәртебесін алған Шымкент қаласы халқының саны артып, шаһарда жаңа зәулім ғимараттар салынуда. Ал, мұндай биік ғимараттарда өрт қауіпсіздігін сақтау және тілсіз жаумен күресу оңай шаруа емес. Өрт мезгіл немесе уақыт таңдамайды, кез келген уақытта лап беруі мүмкін. Сондықтан, өрт сөндірушілер заман талабына сай жаңа техникамен қамтылуы қажет», — деді Е. Айтаханов.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты өрт сөндіру бөлімшелерінде бүгінгі күні 75 бірлік техника болса, оның 13 бірлігі 20 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келеді және бұл көрсеткіш қала гарнизонына тиесілі техниканың 17%-ын құрайды.
«Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі»