Шымкентте 2018 жылы 10 мың 774 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, биыл 1 сәуірден бастап олардың саны 20 мың отбасыға дейін ұлғаймақ. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары ақпараттық – коммуникациялық орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
Гүлнар Құрманбекованың айтуынша үшінші мегаполисте аз қамтылған отбасылардың балаларына ай сайын 20 мың 789 теңге төленетін болады. Бұл дегеніміз күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды. Бұл мақсаттағы шараларды жүйелендіру үшін қалада арнайы штаб құрылған. Штаб құрамына депуттар, «Нұр Отан» партиясы, 4 ауданның әкімдері мен басқарма басшылары енгізілген. Бүгінде Шымкенттіктерге Елбасы тапсырмасын кеңінен насихаттау аясында әкімдіктер мен басқармаларда ашық есік күндері өткізілуде. Сондай-ақ, Алтын алқа мен күміс алқаның иесі атанған 9632 анаға бюджеттен 119,9 млн теңге бөлінген. Бұл халықаралық әйелдер мерекесіне арналып , әрбір анаға 5 айлық есептік көрсеткішпен төленеді. Қала әкімінің орынбасары аталған қаражат наурыз айының соңына дейін олардың есеп шоттарына аударылатынын айтады. Ал баспанамен қамту мәселесі бойынша биыл Шымкентте 4 мың 524 пәтерлі 81 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 14 –і арендалық тұрғын үйлер. Алдағы күндері осы үйлерден әлеуметтік жағынан әлсіз санаттағы азаматтарға және жас отбасыларға пәтер беру қарастырылуда екен.