«Бабаларым, рахмет сендерге!». Дәл осы тақырып аясында №83 жалпы орта мектепте семинар өтті. Шымкент қаласы Қайнарбұлақ саяжайында орналасқан білім ордасындағы іс-шарада ұлттық құндылықтарымыз насихатталды.
Ата-аналар, ұлағатты ұстаздар мен оқушылар басқосқан бұл семинардың мақсаты мектептерде құрылып жатқан «Шаңырақ» қоғамдастығының жұмысын жариялау. Мектеп ішіндегі бұл ұйымның міндеті түрлі сыныптарды біріктіріп, көшбасшылығын дамыту.
Таңғы тоғыздан басталып, түске дейін жалғасқан шарада бүгінгінің баға жетпес байлығы — өнеге туралы айтылды. «Көненің көзі – ақылдың сөзі», «Бәрі өз қолыңда», «Қазақстан – мейірімділік мекені» осындай тақырыптар арқау болған семинарға Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайхан қатысты. Негізі №83 мектеп жыл сайын түрлі іс-шараларға ұйытқы болып, ұлттық құндылықтарды насихаттуды дәстүрге айналдырған. «Алғыс айту» күніне орай өткен шара оқушыларды бір серпілтіп, ата-аналарды бірлікке шақырды.