
Қазақстан Республикасы Президентінің «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы № 190 Жарлығына сәйкес 2019 жылдың 22 ақпанына сағат 11.00-ге белгіленген, «Баласағұн» орталық концерт залында өтетін Жамбыл облысының әкімі Асқар Исабекұлы МЫРЗАХМЕТОВТІҢ халық алдындағы есеп беру кездесуіне келген жұрттың қатары қалың.
2018 жылы өңірде атқарылған әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіші жарияланады бүгін. Тиісінше, 2019 жылға әкімдіктің алдында белгіленіп отырған жоспарлар бар.
Жалпы, Жамбыл облысы әкімдігінің сайтында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылы өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындарымен 396,2 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, нақты көлем индексі 102,6%-ды құраған.
2018 жылы облыстың жергілікті атқарушы органдарының жұмысы Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауларындағы және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде көрсетілген міндеттер мен басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталып отыр.