Түркістан облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасы мен Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Яғни, іргелі оқу ордасы мен спорт басқармасы арасындағы бұл келісім нəтижесінде бірқатар жұмыстар жүзеге асырылатын болады. Айта кетсек, бүгінде 54 мамандық бойынша мамандар даярлайтын халықаралық Қазақ-Түрік университетінде спорт саласы бойынша 220 студент білім алуда. Сонымен бірге оқу орны студенттерінің саладағы жетістіктері де аз емес. Сондықтан, университет алдағы уақытта да спортпен айналысатын дарынды жастарды оқуға қабылдай отырып, олардың əлемдік додаларда топ жаруларына мүмкіндік туғызбақ. Бұл бағыт бойынша ХҚТУ-де қазір тұрақты түрде 16 спорт үйірмесі жұмыс жасайды. Сондықтан Түркістан облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев пен университет ректоры Болатбек Абдрасилов бұл күні спорт саласы үшін маңызды келісім құжатына қол қойды.
Сонымен бірге кездесу барысында Полат Наурызбайұлы Түркістан облыстық дзюдо федерациясының төрағалығына ХҚТУ ректоры Болатбек Абдрасиловтың кандидатурасын ұсынса, бұл ұсыныс жиынға қатысушылар тарапынан бір ауыздан қолдау тапты. Болатбек Серікбайұлы ендігі жерде Түркістан облыстық дзюдо федерациясына жетекшілік жасайтын болады.