Түркістан облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов: «Биыл Түркістанда 20 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі»
Түркістан облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәбитов Арман Сәбитұлы облыстың жалпы экономикалық көрсеткіші бойынша жыл бойында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, есеп берді. Оның мәліметінше, Түркістан облысында өнеркәсіп көлемі 2017 ж. 410,7 млрд.теңгені құраса, 2018 жылы 453,8 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ, өткен жылы 10 бірдей ірі жоба іске асырылған. Олар Ордабасы ауданы, Түркістан және Арыс қалалары, Төлеби, Шардара, Сарыағаш, Сайрам мен Қазығұрт аудандарында жүзеге асқан. Іске асырылған жобалар арқылы 835 адам жұмыспен қамтылған. Осы 10 жобаның жалпы соммасы 18 244 млн.теңгені құрап отыр.
Ал, агроөнеркәсіп кешенінің даму көрсеткіштері де жоғары. 2017 жылы облыста өндірілген өнім мөлшері 482,4 млрд.теңгені құраса, 2018 жылы 542,8 млрд. теңгеге жеткен. Ал 2019 жылы бұл көрсеткішті 614 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Түркістан қаласын дамыту жолында біршама құрылыс жұмыстары жүргізіліп отырғандығын білеміз. Осыған орай, Түркістан облысының әкімшілік орталығы мен аумақтық департаменттер және 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылы аяқтау көзделіп отыр.
Әкімшілік-іскерлік орталығында құрылысы жоспарланған бірінші кезектегі нысандарды инженерлік инфрақұрылыммен уақытылы қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп, осы жылы құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.
Бұдан бөлек, 700 га аумақтағы Әкімшілік-іскерлік орталығын толық инженерлік инфрақұрылыммен (су, кәріз, электр, газ, жылу) қамтамасыз ету мақсатында 10 жобалау-сметалық құжаттамалар әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалар 2020 жылы толығымен іске асырылады.
Бүгінгі таңда жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында:
— 26 тұрғын үй (1536 пәтер, 80,6 мың ш.м.), оның ішінде 20 арендалық (1200 пәтер, 61,5 мың ш.м.), 6 кредиттік үй (336 пәтер, 19,1 мың ш.м.);
— инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым(жылу, су, абаттандыру, телефон және кәріз жүйелері);
— 900 оқушы орынға арналған мектеп құрылысы жүргізілуде.