Əйтеке Байбекұлының кесенесінде баба рухына құран бағыштап, құрбандық шалған біздер Самарқандқа жол тарттық. Мұнда Əйтеке бидің аталас туысы жатыр. Неге десеңіз? Жалаңтөс батыр 5 жаста болғанда əулиеті қуаңшылық пен аштықтан құтылу үшін Сыр бойынан Бұхара маңындағы Нұрата таулы аймағына көшіп барған. Сонда Жалаңтөс Баһадүр 12 жасынан бастап зеректілігімен көзге түсіп, Тамды және Қызылқұм қазақтарының ханы Дінмұхамедке қызмет ете бастады. Қазақ, өзбек жерлерін жаудан қорғауғауға елеулі үлес қосып, нағыз батыр атанады. Оған сол дәуірдің жоғары дәрежесі — «Аталық» атағы берілген.
Жауға қарсы қол бастап, үнемі жеңіске жетіп отырғандықтан оның аты шартарапқа тарай бастайды. Ерлігін бағалаған қазақ, өзбек, қырғыз хандары құрметтеп, бағалы сый беріп отырыпты. Даналығы даңғой қолбасшы ол байлықты өзіне емес елге мешіт, медресе салуға жұмсаған. Мешіттің бірі Дағбит қыстағындағы өзі пір тұтқан Мақтым Ағзам бейітінің басында.
Ұстазының бейітін өзі қоршап, биіктетіпті. Дүниеден өтер алдында өзін ұстазынан төменгі жақта жерлеуін аманат еткен. Жалаңтөс Баһадур 1656 жылы 80 жасында дүниеден қайтады. Аманаты бойынша Диғбетке Мақтым Ағзамнан төмен жерге жерлеген. Қасына өзінің ұлы мен қызы да мəңгіге жай тапқан.
14 елдің хандары да дəл осында жерленіпті. Жалаңтөс баһадурдің әскери қолбасшылық қызметі, ұзақ жылдар Самарқанды билеген кездегі ақыл, нақыл, билік сөздері қазақ арасында көп тарала қоймаған. Ал өзбек əдебиетінде ол туралы əңгімелер мен шығармалар көп жазылған көрінеді.
Мешіттің қабырғаларының қалыңдығы 1,5 метр. 400 жылдан бері мұрты бұзылмаған. Кәдімгі лай кірпіштен қаланса да, сапасын жоғалтпаған ғимарат бүгінде туристерді таң қалдыруда.
Айтолқын Молдабекова.