Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан VIII Азаматтық форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде жаңа шақырақ көтерген жастардың арасында ажырасу деңгейінің жоғары екендігіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алатаңдатарлық мәселенің бірі — бұл ажырасу. 1 млн 500 мың неке қиылып, 25-30 пайызы ажырасқан. Неліктен ажырасып жатыр? Себебі біз балаларды мектепте жоғары сыныптан бастап, еркек пен әйелдің тілдесуі, есеюі тақырыбын оқытпаймыз. Қалай жүкті болады? Не пайда болады? Біз қазақтар оны ұят көреміз. Басқа елдерде 14-15 жастағы баласын, қыздарын өмірде мынадай болады, байқаңдар деп үйретеді. Біз ұят деп санаймызда, одан нағыз ұятқа қаламыз. Сондықтан психологияны өзгерту қажет», — деді Елбасы.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, ажырасудың себептері өте көп. Біреулері ата-аналармен сыйыспаса, енді біреулері баспана жоқтықтан, енді бірі ақшаның жетіспеушілігінен ажырасып жатады.
«Ал ең бастысы жастар дайындықсыз отбасын құрады. Қыздар өз рөлін білмейді, жігіттер мұның үлкен жауапкершілік екенін сезінбейді. Егер сен отбасыңды қамтамасыз ете алмасаң, жұмыс істемесең, білім алмасаң, онда отбасын құра алмайсың. Мұны оларға біреу айта ма? Кім айтуы қажет? Мұны мектеп қабырғасынан бастаған жөн», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.