Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Әбдіжәміл Нұрпейісов мәдениет саласының қазіргі жағдайы жөнінде пікір алмасып, отандық әдебиетті одан әрі дамытудың перспективаларын талқылады.
Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов — 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысының, Арал ауданының, Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық жазушысы. ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосып жүрген суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері. 1941-1945 жылдардағы II Дүниежүзілік соғыс ардагері, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан.
«Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Ә.Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған. Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан Қазақстанда үш қаламгер : Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алған.
Ақорда