— Түркістан облысында әлі де үш ауысымды мектептердің мәселесі оң шешімін таппай отыр. Білім саласындағы бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін 4 мектептің құрылыс жұмыстары басталмақ. Ал нысандардың бой көтеруіне республикалық бюджеттен 1,6 млрд. теңге қаржы бөлінетін болды. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс отыз бірінші сессиясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев айтты.
— 2018 жылдың 9 айында Түркістан облысының 300-ден астам өнеркәсіп кәсіпорындары 323,9 млрд теңгенің өнімін өндірген. Осының нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінде нақты көлем индексі 101,1 пайызды құрап отыр. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық даму басқармасының басшысы Ғанибет Әбубәкіров арнайы баспасөз жиынында мәлімдеді.
– Түркістан қаласына «Латын негізді әліпби мен емле ережесі туралы насихат» жобасы бойынша ғалымдардан құралған насихаттық топ келді. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, Назарбаев университетінің профессоры Жазира Ағабекқызы бастаған топ арнайы баспасөз жиынын өткізді. Онда Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті және Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл- қазына ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен облыста өтетін семинарлар барысы баяндалды. Сондай-ақ латын әліпбиінің мән маңызы мен емле-ережесіне кеңінен тоқталды. Латын әліпбиі біздің тарихымызда болған. Сондықтан қайта оралу қиынға соқпайды. Жаңа жасақталған латын әліпбиі арқылы біз сырттан сөз алғанда өзіміздің төл дыбыстарымызға реттеп алатын боламыз деді тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызы. Қазіргі кириллицамен айтылып жүрген сөздер алдағы уақытта төл дыбыстарымызбен оқылатын болады. Біз осылай ұлттық артикуляциямызды сақтауымыз қажет. Алдағы уақытта оқу орындары мен мемлекеттік қызмет саласында латын графикасы кезең кезеңмен сатылап енгізілетін болады. Айта кетерлігі ағымдағы жылдың 14 қараша күні Қазақстан бойынша латын әліпбиінде онлайн режимінде диктант жазылып, бүкілхалықтық қолдау көрсетілмек.
— Арыстықтардың қамбасы астыққа толды. Яғни, қала әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Алтын күз – 2018» атты жәрмеңкесі өтті. Аталған шараға ауыл шаруашылығы саласының мамандары және 6 ауылдық округ жұмылдырылған. Мереке соңында жаз бойы тынбай еңбек етіп, толағай табысқа жеткен еңбек ерлері арнайы сыйлықтармен марапатталды.
— Бәйдібек ауданы экономикасының негізгі тірегінің бірі ауыл шаруашалығы саласы екендігі белгілі. Бұл ретте жергілікті жердегі шаруа қожалықтардың да агро секторға қосып отырған үлестері мол. Яғни аймақ шаруалары Мемлекет басшысы биылғы жолдауында атап өткен еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есегеге дейін көбейту межесін орындауға белсенді ат салысып отыр. Солардың бірі Көктерек ауылдық округіндегі «Бердібай» шаруа қожалығы асыл тұқымды мал шаруашылығынан өзге ірі қара мал бордақылап ет өндіру жұмыстарын да бастап кетті.
— 8 қараша күні Түркістан ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы және Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан қаласының ауылдық округтерінің бірінде бұрын соңды сотты болған, жасы 30-35 шамасындағы жергілікті тұрғынды ұсталды. Жедел із кесушілер күдіктіден оқ- дәрілері бар аңшылық қару мене 20 келі марихуанна тәркілеп отыр. Түркістан полициясымен ағымдағы жылдың он айында есірткіге қатысты 333 қылмыс анықталып, 6,5 тн есірткі құралдары тәркіленген. Ал қылмыстық жауапкершілікке 50-ден астам есірткі сатушы тартылған.