Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық медициналық академиясында емханаға тіркелу науқанының басталғанына қатысты брифинг өтті. Жыл сайын дәстүрлі жүргізілетін емхананы таңдау кампаниясы қыркүйектің 15-інде басталып, 15-қарашада аяқталады.
«Науқанның мақсаты – азаматтардың емдеу мекемесін еркін таңдауына мүмкіндік беру. Сонымен қатар, бұл шара жаңадан қосылған медицина ұйымдардың келер жылы халыққа қызмет көрсетуге тапсырыс алуына жағдай жасауға байланысты өткізіледі, — деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ОҚО бойынша филиал директоры Асхат Бейсенбаев.
Өткен жылы тіркеу науқаны барысында емхана таңдау құқығын пайдаланған тұрғындар саны небары 25934 құрады. Жалпы, Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша 3 млн-ға жуық халық бар. Биыл тұрғындардың тіркеу кампаниясына деген қызығушылығы басым. Олай дейтініміз, халық арасында күнделікті түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде азаматтар науқаннан бөлек, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өздеріне қатысты мәліметтерді біле бастаған.
Отбасылық қызмет көрсету және медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі принциптерін іске асыру үшін емхананың үйге жақын маңда болғаны дұрыс. Бұл үйде біреу ауырып, өзін жайсыз сезінген жағдайда дәрігерлердің жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жедел жәрдем жүйесінде жасалған соңғы реформаларды ескерсек мұның маңызы арта түседі. Себебі бұдан былай 4-санатқа жатқызылатын шақыртуларға жергілікті емханалар қызмет көрсетеді.
Оған қоса, дәрігерлерге түсетін жүктеме мен емханалардағы кезекті азайту мақсатында тіркеу шегі белгіленіп отыр. Ол бойынша 1 жалпы практика дәрігеріне тіркелетін адам саны 1700-ден аспауы тиіс. Бұрын-соңды бір дәрігер 2000 адамға қызмет көрсететін.
-Былтырғы жылдың өзінде қормен келісімшарт бекіткен жеткізушілер саны едәуір артты.
-Қазіргі таңда Қордың жеткізушілер тізімінде Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша 165 медицина ұйымы бар. Оның 82-сі — жеке меншік, — деді, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ОҚО бойынша филиал директорының орынбасары Найля Дабысқызы.
Халықты тіркеумен айналысатын емханалардың тізімі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтындағы «Клиника таңдау» бөлімінде орналасқан. Сондай-ақ, Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша биылғы тіркеу науқанына бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 67 ұйым қатысып жатыр.
Айта кетерлігі, азаматтар үш түрлі жолмен, яғни, таңдап алған медицина ұйымына тікелей барып, электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимінде және Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеле алады. Емхана арқылы тіркелу үшін жеке куәлік пен бас дәрігердің атына жазылған өтініш талап етіледі. Ал, egov.kz порталы арқылы тіркелу үшін жүйеге кіріп, электронды өтінімді толтырады. Қызметтің нәтижесі бойынша жауап өтініш берушінің Жеке кабинетіне жолданады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркелу үшін Connection Points бөлімінің қызметін пайдалануға болады.