Жамбыл облысында «Рухани жаңғыру» кіші бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша «Әулиеатаның киелі жерлерінің» электронды картасын дайындау жобасы бекітілді. Бұл туралы бүгін Таразда «Киелі Қазақстан: Тараз – тарих айнасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды
Жобаның мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қасиетті орындар ұғымын халықтың жадына сіңіру арқылы қоғамдық сананы жаңғырту болып табылады.
Жобаны жүзеге асыру үшін Жамбыл облысы көлемінде орналасқан ескерткіштерді саралауға еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен Ұлттық Университеттері және жергілікті ЖОО тарихшы, этнограф, өлкетанушы ғалымдарынан тұратын сарапшылар кеңесі мен жұмысшы тобы құрылды.
Сондай-ақ, киелі орындар туралы ақпарат алуды ыңғайлы ету үшін арнайы сайт жасалады. Сайт толық функционалды, үш тілдегі ақпарат көзі болады деп күтілуде.
Арнайы сайтта «Әулиеатаның қасиетті орындарының» 3Д форматы және олардың мультимедиялық өнімдері дайындалып, Әулиеатаның киелі жерлеріне қатысты ақпараттық материалдар, бейнематериалдар, ескерткіштер туралы роликтер, фотосуреттері және өзге де ақпараттар сайт контенттерінде орналастырылып, қасиетті жерлердің виртуалды онлайн картасы жасалатын болады. Бұл виртуалды картада нысандарды геоақпараттық картографиялауға мүмкіндік беретін деректер қоры жинақталады. Өңірлік деңгейдегі қасиетті жерлердің жекелеген цифрлы төлқұжаттары дайындалады.
zhambylnews.kz