Төлеби ауданынында биыл облыстық бюджеттің қаражаты есебінен 5 мектептің жанынан қосымша құрылыс жүргізілген. Нәтижесінде аталмыш білім нысандары жаңа оқу жылында өз шәкірттерін қабылдайтын болады. Бұл туралы аудандық білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесінде білім бөлімінің басшысы Роза Аманова мәлімдеді. Сонымен бірге алдағы оқу жылына дайындықты пысықтап, мақсат-міндеттер айқындалған жиында еселі еңбектерімен көзге түскен бірқатар ұлағатты ұстаздар қауымы марапат төрінен көрінді.
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің көкейтесті мәселелерін ортаға салып, еркін ой бөлісу мақсатын көздейтін дәстүрлі тамыз кеңесі Төлеби ауданында да өтті. Осы бір басқосуға келген аудан әкімі Бауыржан Омарбеков бұл күні аудандық мәдениет үйі ғимаратының алдына орнатылған білім көрмесін аралап, көрмеге ұсынылған мектеп оқушыларының үздік жұмыстарымен де танысты.
Мұнан соң білім сапасын жаңа серпіліспен бастауға бағыт беретін, өткенге ой жіберіп, келешекке бағдар түзіп, жаңа оқу жылының міндеттерін айқындайтын білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өз жұмысын бастады. Жетпіске жуық орта арнаулы білім мекемелері бар ауданда оқушылардың саны 25 мыңға таяса, оқу ордаларында 2900-ден астам ұстаздар қауымы еңбек етеді. Басты мақсаттары — өскелең ұрпаққа саналы тәрбие сапалы білім беру болып табылатын ұлағатты жандардың еселі еңбектері арқасында аймақ шәкірттерінің де жетіп жүрген жетістіктері аз емес. Міне, осы бір жүйелі істерді әрмен қарай ілгері жылжытып, жаңа оқу жылына жасалатын жоспарды нақтылайтын тамыз кеңесінің де маңыздылығы айрықша. Осы орайда аудан көлеміндегі білім саласы қызметкерлерімен қатар зейнеткер ұстаздар, кәсіподақ ұйымы және аудан әкімі қатысқан жиында білім бөлімінің басшысы Роза Аманова баяндама жасап алдағы мақсат міндеттерге тоқталды.
Сонымен бірге еліміздің білім беру саясатындағы көкейтесті мәселелердің бірі – мұғалімдердің біліктіліктерін жүйелі түрде арттыру болып табылады. Бұл бағытта Төлеби аудандық білім бөліміне қарасты мектептердің мұғалімдерін де жаңартылған білім беру мазмұны бойынша курстан өткізу жұмыстары қарқынды түрде орындалып келеді. Айталық жаңа оқу жылынан бастап 8-сыныптарда Химия, Биология, Физика, Информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылатын болады. Осыған сәйкес жаратылыстану пәндерінің 81 мұғалімі ағылшын тілін меңгеру бойынша тілдік курстардан өткен. Осы орайда кеңес барысында бірқатар баяндамалар жасалып, орамды ұсыныс пікірлер ортаға салынды.
Биылғы тамыз кеңесі «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында өтті. Яғни бұл бағытқа сәйкес білім беру жүйесінде белсенді, шығармашыл, ІТ технологияға сауатты, ағалшын тілін білетін адамгершілігі мол азаматтық кемелденген маңызды тұлғаны дайындауға басымдық беріледі. Сондықтан да өскелең ұрпақтың алған ақпаратты жүйелей алуы үшін функционалдық сауаттылықты дамыту бағытында мектептердегі оқу бағдарламалары өзгертіліп келеді. Осы орайда жиында сөз сөйлеген аудан әкімі де алдағы еселі міндеттерді жүзеге асыру жолында ұлағатты жандардың ебектеріне табыс тіледі.
Аудан әкімі Бауыржан Омарбеков білім саласындағы проблемалық мәселелерді шешу бойынша мұғалімдер біздің қоғамның интеллигенциясы ретінде тек бала тәрбиесімен айналысулары қажет екенін атап өтіп, мұғалімдердің негізсіз, ретсіз өзге де істермен немесе мектептің мәселелерімен айналыспау керек деп үндеу тастады.
Сондай-ақ, аудан әкімі жаңа оқу жылынан бастап жаратылыстану-математикалық пәндерді ағылшын тілінде жүргізетін В1, В2, С сертификаттарын иеленген 81 ұстазға 12 млн. қаржы қаралатынын атап өтті.
Тамыз кеңесінде білім саласында еселі еңбек етіп келе жатқан бірқатар ұлағатты ұстаздар арнайы марапаттарға ие болды. Олардың арасында жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін бірқатар білім саласының қызметкерлері аудан әкімінің алғыс хаттарына ие болды. Солардың бірі білім саласында 40 жылға жуық еңбек өтілі бар Әбдіжаппар Сұлтанқұлов. Ұзақ жылдар бойына кәсіподақ ұйымында басшылық қызмет атқарған азаматқа да бұл күні сый құрмет көрсетіліп, иығына шапан жапты.
Абай Омар