«Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының форумында мемлекет пен ұйым басшыларының қызметіндегі орын алған мәселелерге назар аударылды. Қатарға кеше ғана қосылып, креслоға отырғысы келетіндер көбейді бүгінде. Қоғамның емес, жеке басының қамын ойлайтындар үшін енді «Нұр Отан» партиясы шектеу қоймақ. Бұл туралы бастауыш партия ұйымдарының пленарлық мәжілісінде айтылды. Ұйымның мүшелерінен түскен ұсыныстар алдағы республикалық форумда бекітіледі.
Партия мүшесінің қатарына қызметте өсуді ойлап емес, қоғамға көмек беру үшін қосылу керек. Нұр Отанның ықпалымен өзгеге қолдау көрсетудің орнына, өзіне мансап іздегендерге шектеу қойылуы тиіс. Аймақтық форумның екінші мәжілісіне қатысқан Шымкент қаласының әкімі осылай деп мәлімдеді.
Жалпы Шымкент қаласында 78 бастауыш ұйымдар бар. Партияның қаладағы төрағасы олардың санын емес, сапасын артыруды мақсат етеді. Ия,расында сапаға келгенде сынға ілігетін жайтар жоқ емес. Қызметтік өтілі аз бола тұра , өзін лидерлікке жетелеп, лауазымға асығатын төрағалардан бұрын, партия үшін еңбегін еселегендерді елеген абзал. Форумға қатысушылардың маңызды ұсыныстарының бірі де осы.
Нұр отанның қатарына қосылып, күн өтпей жұмсақ креслоға асығатындарға шектеу қойылады. Кадрлық резервті қалыптастыру бойынша жоғарыда айтылған бірқатар мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік бар. «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова ұйымның мүшелерінен түскен ұсыныстар Республикалық форумда тізімге алынатынын жеткізді.
Цифрлық жүйеге көшкенде ауыл аймаққа әлеуетті артқан әлеуметтік желіні жеткізіп, жоғарғы жылдамдықтағы инттернетті қосу маңызды. Бұл бастауыш партия ұйымдарының қызметіне қолдау болары сөзсіз. Сонымен қатар, штаттан тыс жұмыс жасайтын техникалық мамандарды қатарға қосып,жалақысын көбейту керек. Аймақтық форумға қатысқан 250-ге тарта партиялықтардың талап тілегі де алдағы күндері Астанада қаралмақ. Жалпы алғанда , Елбасы тапсырмасына сәйкес партия жұмысын жаңғырту басты назарда. Бұл бағытта қолға алынған 22 жобаны іске асыру, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру кезек күттірмейтін мәселе.