«Ұлы дала көші» жобасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысына кеткендер діттеген аймаққа жетіп, жексенбі күні іске кірісті. Елбасының ішкі көші-қон саясаты аясында күнгейден Қызылжар аймағына барып қоныстанғандар бір-бірімен үйренісіп, жұмыла еңбек етіп жатыр. Мәселен, ақын Мағжан Жұмабаев ауданында 88 отбасы бар. Олар Түркістан облысы мен Шымкент мегаполисінен көшіп барған. Күнгейден кеткен жерлестеріміздің тыныс-тіршілігімен Түркістан облысы мәслиxатының депутаты Дулат Әбіш, жазушы Серік Жанәбіл мен «Айғақ» телеарнасының түсірілім тобы танысты.
Мағжан Жұмабаев ауданының 60 пайызы шекара. Ресейдің Түмен, Омбы облыстарымен шектеседі. Бұл ауданда 30 314 xалық бар. Осы ортаны Ораловтар отбасы толықтырыпты. Балабек пен Замира 5 бала-шағасымен осыдан екі жыл бұрын қоныс аударған. Мемлекеттен субсидияны алып, мал шаруашылығын қолға алған шаруалардың көңілдері шат.
Табиғаттың сұлу алқабында төрт түлік ұстап, еңбек етіп жатыр. Сүт өндіріп, жергілікті xалықпен тығыз байланыс орнатқан.
Шағын кәсіпті ұршықша иіріп отырған Ораловтар бұрынғы Сарыағаш, қазіргі Келес ауданының Амангелді ауылынан көшкен. Бүгінде олар Сарыарқаның төрінде жаңа бір тіршілікке бет бұрып жатыр. Олар соңынан іздеп келген жерлестерін көріп бір марқайып, төбелері көкке жеткендей болды.
Сондай-ақ дәл осы Октябрьский елді мекенінде Қадырбек Сыдықов пен Гүләйім Маxамбетова тұрып жатыр. 4 баласы бар бұл отбасы да шаруаны дөңгелетіп, күнгей өлкесінен алған іскерлігін жергілікті тұрғындарға көрсетіп, ауылда беделді отбасыға айналыпты.
Үй жануарлары үйрек пен қазды асырап жатқан тағы бір отбасы қасиетті Қазығұрт ауданынан барған. Нүркен мен Сарагүл білім ошағында бала оқытып жатқан ұлағатты ұстаздар. Бірақ қосымша шаруамен айналысып, бабалар аманаттаған ұлан-ғайыр жерді игеріп отыр.
Жөн сұрасқанда Нүркен Нұрсейіт Ордабасы ауданында дүниеге келген. Ал, жұбайы Сарагүл Бейсебаева Төлеби ауданының тумасы екен. «Атамекенімде еңбек етуге келдім» деп отырған жерлестеріміз ешқандай қиындықтан қаймықпаған отбасы.
Ақ қайындар қоршаған әсем табиғатқа қоныс тепкен тағы бір отбасының бірі Бақытжан Жексебаевтың шаңырағы. Ақын Ілияс Жансүгіровтың туған жері Алматы облысы, Ақсу ауданынан келген бұл отбасында 7 ұл-қыз бар екен.
Тіршіліктің бел ортасындағы отбасы балалар үйінен ата-анасының қамқорынсыз қалған 6 баланы асырап алмақ ниеті де бар. Ауылдың сәнін келтіріп, бала санын арттыруды көздеп отырғандарға қызыға қарап, дән риза болдық.
Сарыарқа сары белі бар,
Өрісті шалқар көлі бар — деп жырлаған ақын Мағжанның ауылына барып қоныстанып жатқандардың қатары аз емес екен.
Жұмабаев жырлаған Түркістаннан барып қоныстанғандардың тағы бірі Медвежка ауылында тұрып жатыр. Сәуірбек Қуанышбекұлы мен Нұржамал Тәмбетова Елбасының ішкі көші-қон саясатын қолдаған ең алғашқы отбасының бірі.
Осыдан үш жыл бұрын екі ала дорбамен келген шаңырақ иелері бүгінде үйлі-жайлы. Ауылдағы белсенді отбасы мал шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Төлеби ауданының тумалары Қазақстанды батысы мен шығысы, солтүстігі мен оңтүстігі деп бөлуге мүлдем қарсы. Аспан астындағы бір Отанда тұрамыз. Сондықтан ештеңеге қарамастан, бос жатқан иен далаға өзіміз иелік етсек деп көксеп, еріксіз бел сыбана кіріскен. Бұлардың барлығы бүгінгі күннің қаһармандары.
«Айғақ» телеарнасының түсірілім тобын қабылдаған Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Асқар Бегманов Түркістан облысы мен Шымкент мегаполисінің тұрғындарына өзінің ыстық сәлемін жолдады.
Солтүстік өңірлеріне Елбасының ішкі көші-қон саясаты бойынша көшіп барып, қоныстанған отбасылардың хал жағдайымен танысып, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысуды мақсат тұтқан «Айғақ» телеарнасының түсірілім тобына аудан басшысы алғысын білдірді. Мағжан Жұмабаев ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың ретін баяндап, Түркістан өңірінен көшіп барған жерлестеріміздің айтулы еңбегін айтып мақтанды.
Бағлан Байкөбекқызы