Баянауылдың тумасы, ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыров:
«Мен қазақ қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «Алаш» деген атты аламын!
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!» — деп жырлаған. Ұлтына деген құрметі шексіз болған тума таланттың өскен, өнген өлкесінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бас қосты. Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков жетекшілік еткен жиынға Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Алматы, Ақмола секілді өңірлердегі филиалдардың басшылары мен Ресейдің Алтай өлкесіндегі отандастарымыз қатысты.
Былтыр Елбасы Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайында бірнеше міндеттер қойған болатын. Бастысы — қазақтар көп шоғырланған шетелдермен тығыз байланыс орнату. Оның ішінде Қытай, Өзбекстан, Түркия, Моңғолия, Ресей мемлекеттері бар. Қиырдағы қандастарымыздың тағдырына бүгін назар аудармасақ, ертең кеш болады. Ол елдерде қазақ мектептерін сақтап қалу мен жаңа білім ұяларын ашып, салт-дәстүрді еске салатын жағдайды қалыптастыру керек. Мәселенің өзектілігі — күн тәртібінен түспеуі қажет. Зауытбек Қауысбекұлы «саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деп астармен ащы шындықты жайып салды.
Ертіс өңірінде өткен «Ұлы дала» этнофестивалі аясындағы жиында «Отандастар» қорының маңыздылығы айтылды.Тек шетелдік емес, барлық қазақтармен жұмыс істеуге бағытталған қорға қаржы керек. Ол үшін Дүниежүзі қазақтар қауымдастығына мүше болып, бар-жоғы бес мың теңге аударасыз. Есесіне сол қаражат Отаныңызды, ұлтыңыз бен тіліңізді сақтауға үлес қосады. «Ұлтымыздың рухын оятудан аяған қаржыны ит жесін» — деп зиялы қауым текке айтпады. Осы мақсаттағы «Отандастар» қоры 1 қыркүйектен бастап жұмысқа кіріспек.
Еліміз егемендік алған жылдар ішінде миллиондаған қазақ Атақонасына оралды. Әлі де жете алмай жүргендері қаншама? Міне, осындай патриоттық тақырыпты қозғаған жиын үш сағатқа созылды. Керекуде өткен бұл жиынның түп-төркінінде ойлы мәселе жатыр. Еліміздегі халық санын көбейтуге ұсыныс айтылып, жасалған баяндамаларды жұрт ұйып тыңдады. «Әр қазақ — менің жалғызым» деген бір сөзбен-ақ көкейдегі ойды дөп басты.