Абыз да туған анадан, аңыз да туған анадан. Адамзат баласы үшін ананың орны әрқашанда аяулы. Дана халқымыздың ананы ардақтап, ақылына үнемі құлақ асып отыруы да адамдық қағидаға беріктікті көрсетеді. Тарихта тағылымы бар ақылман аналар Айғаным, Зере сынды асылдар өзінен кейінгі нәзік жандыларға ұмытылмас үлгі, өнеге. Мұның бәрі де текті қанымызбен келген рух пен сана арқылы жалғасатын ұрпақтар сабақтастығы болса керек. Қазақтың қарапайым ауылынан шығып, ақыл- парасатымен ерекше із қалдырған аяулы аналар бейнесі тарихымыздың қастерлі беттерінде. Дүниеге әкелген перзентін атаның емес, адамның баласы болуға тәрбиелеп, үлкен мейірімділік пен адамгершілік қасиеттерін әр баласының бойына сіңдірді. Қазақтың бағына туған ұлттың ұлы ұлдарын қалыптастыруда дана аналарымыз теңдессіз рөл атқарды. Сондай аяулы аналардың қатарында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Әлжан ана да бар.
Айта кетейік, Жамбыл облысы әкімдігінің 2017 жылғы 23 қазандағы №217 қаулысы және Жамбыл облысы мәслихатының 2017 жылғы 6 қарашадағы №16-3 шешімімен Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қасық ауылы Әлжан ана ауылы деп қайта аталған болатын.
Міне, бүгін 6 шілде — Астананың 20 жылдық мерекесіне орай Түркістан облысының бір топ делегациясы мен «Айғақ» телеарнасы Елбасының анасы Әлжан ана ауылында.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған игі бастама бұл. Шараның мақсаты Тәуелсіздік алған жылдары туылған яғни, 1991 жылғы азаматтар мен азаматшаларды және Нұрсұлтан есімді мемлекеттік қызметкерлерді Елбасы анасының ауылымен таныстырып, Нұрсұлтан Әбішұлының дара жолын жастарға насихаттау.