Бүгін Түркістан облысының орталығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұрақты түрде жұмыс істейтін өкілдігі ашылды. Ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай Ораз, ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Арын Берік және облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен облыс ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, мешіт имамдары қатысты.
Түркістан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдігінің ашылуы рухани қаланың өмірінде айрықша сипатқа ие екенін айтқан облыс әкімі бұл өнегелі істердің ұйытқысына айналар игі бастама болғалы тұрғанын жеткізді.
«Қасиетті Ислам дінін қадір тұтып, өмірінің басты мақсатына айналдырған өңіріміздің әрбір мұсылманы үшін қуанышты осынау жаңалықпен сіздерді құттықтаймын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті де киелі Түркістанда тұрақты жұмыс жасайтын өкілдігінің ашылуы Ислам дінінің өркендеп өсуіне, діңгегінің нығая түсуіне оң ықпалын тигізетініне біздің сеніміміз мол»,-деді Ж.Түймебаев.
Шарада сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, Серікбай қажы Ораз тарихи оқиға – Түркістан облысының дүниеге келуімен барша түркістандықтарды құттықтап, ашылып отырған басқарманың өкілдігі Ислам дінінің өркендеуі жолында жұмыс атқаратынын айтты.
«Түркістан – мұқым түркі жұртының темірқазығы, түркі мұсылмандығының ордасы, алты Алаштың жүрегі! Түркістан – бабалар қалдырған киелі аманат, асыл діңгегіміз, рухани кіндігіміз! Осынау қасиетті жерде халқымыздың руханияты үшін қызмет ететін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы өкілдігін ашып отырмыз. Бұл орталық Түркістан өңірінің одан әрі рухани дамуына қызмет етіп, рухани астана мәртебесінің тереңдей түсуіне сүбелі үлесін қосатын болады», – деді Серікбай қажы Ораз.
Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, Бас мүфтидің найб имамы және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы етіп Наурызбай қажы Тағанұлын тағайындады.