Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Елордасы – Астана қаласының 18 жылдық туған күні мерекесіне орай, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара қаласында бас қала күніне лайықты тарту жасалды. Мерекеде Шардара су қоймасы жағасынан екі қабатты, заманауи үлгіде салынған жаңа мұражай ғимараты салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді. Облыстық бюджеттен бөлінген 107 млн. теңгеге ауданы 1800 шаршы метрді құрайтын мұражай құрылысы былтыр шілде айында басталып, мерзімінде тапсырылып отыр. Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Қамытбек Айтөреев, аудан әкімі Арман Абдуллаев, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Г.Аренова құттықтау сөз сөйлеп, жаңа мұражай халықтың игілігіне қызмет көрсете берсін деген тілектерін айтысты.
Ғимараттың ашылу салтанатына куә болған еңбек ардагерлері мен қала тұрғындары ел игілігіне беріліп отырған музей үйінің іші-сыртын аралап көрісті. Талапқа сай салынған қос қабатты ғимараттың көркіне көздері тойған еңбек ардагерлері «бұл нысан Астана күніне лайықты тарту болды» десті.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі










