Бүгінде Польша Республикасы әлдеқайда қарышты дамыған ел, Еуропадағы табиғаты көркем, қоңыржай ауа-райымен танымал мемлекет. Картаға қарасаңыз, жер көлемі бойынша Польша Республикасы Дүниежүзінде 71-ші орында тұр. 1918 жылдың 11 қарашасында Тәуелсіздігін алған мемлекетте бүгінде 38 миллион` халық бар. Ресми тілі – поляк тілі. Республикада 16 облыс, яғни полякша –воевод бар, 460 ауданнан құралған елдің ақша бірлігі – злота.
1992 жылдан бастап Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас жасап, бауырмалдықты нығайтқан поляк пен қазақ халқының тарихы аздап ұқсас. Яғни, қос ел де талай қиындықты бастан кешкен. Мәселен екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Сталиннің бұйрығымен жүздеген мың поляк халқы қазақ даласына жер аударылып, туған жерден алыстағаны бәрімізге мәлім. Амалсыз елден кетіп, алыстан арып-ашып келген ұлтқа қазақ елі қол созып, бір үзім нанымен бөлісті. Жалпы сол соғысты бірінші болып бастан кешіп, 60 мың бейбіт халқынан айырылған елдің бірі де дәл осы Польша. Айтулы елдің территориясында талай қазақстандық жауынгерлер ерлік көрсетіп, қаза тапқан. Міне сол батырларымызды іздеп, сүйегі қалған жерде құран бағыштауды ниет етіп Оңтүстік Қазақстан облысынан «Айғақ» қоғамдық телеарнасының басшысы бастаған делегация Польшаның астанасы Варшава қаласына табан тіреді. Висла өзенінің жағасында жайғасқан Варшаваның негізгі рәмізі -Су перісі екен. Су перісінің бейнесін қаланың орталығынан кездестіруге болады. Фольклорлық құндылыққа мүсін стилінде ескерткіш орнатылып, айналысында мөлдір су сарқырап жатыр. Сол маңды қызықтап, суретке түсіп жүрген адамдардың санында есеп жоқ.
Варшава қаласында архитектурасы өзгеше, ежелгі тарихты еске салатын тағы бір жер бар. Ескі және жаңа қаланың қақ ортасында орналасқан Барбакан қорғаны 1540 жылы салынған. Алайда екінші дүниежүзілік соғыс жылдары бұл жер тас-талқан болып, ғимараттар бұзылып кетеді. Тек 1952-54 жылдары қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп, қызыл кірпіштермен өрілген ғимараттар бой түзеген. Қазіргі таңда бұл ескі қалашық саяхатшылардың жиі келетін, танымал орынның бірі. Мұнда суретшілердің еңбектерін кездестіріп, өзіңізге ұнағанын сатып алуға мүмкіндік бар. Мәдениеттің жиынтығын жиған Барбакан қорғанын көріп тамсанып, сан ғасырдың сырын бүккен жерде жүріп ерекше күйге бөленесіз.
1 миллион 700 мың тұрғыны бар Варшава қаласы соғыс жылдары толық қирап, қайта қалпына келтірілген. Сол себепті мұнда жауынгерлерге арналған ескерткіштер де аз емес. Бір кезде аяусыз бомбаланып жатқанда, көпір астынан өтіп бара жатқан жауынгерлер бейнесі мәңгілік мүсінге айналғандай. Бұл көрініс- өткен жылдардағы сұрапыл соғысты еріксіз еске салып, келешекке жол сілтеп тұрғандай.
1940 жылы Польша мемлекеті тағдырдың тағы бір тәлкегін бастан өткереді. Өйткені сол жылы НКВД-ның қызметкерлері Смоленск облысындағы Катынь орманының түбінде 21 857 полякты ату жазасына кесіп, ортақ ор қазып, оларды көміп тастаған. Поляк жұртының кілең қаймақтары қаза тапқанда ел есеңгіреп, қайғы жұтады. Сол қайғылы оқиғаға байланысты Варшава қаласында ескерткіш орнатылған. Крест белгісінде қойылған ескерткіштің жанына жақын барғанда ай белгісі таңбаланған таяқшаны көзіміз шалды. Жергілікті экскурция жүргізушілерінің сөзіне сүйенсек, бұл таяқша татар ұлтының офицерлеріне арналып қойылған болып шықты. Иә, бұл -осы елдің ауыр қазасы.
Енді поляк пен қазақ ұлтының арасындағы тағы бір байланысқа тоқталсақ. 1925 жылы қазақтың 1000 әнін, ал 1935 жылы 500 әні мен күйін нотаға түсіріп, ұлттық құндылығымызды тарихта қалдырған поляк азаматы Александр Затаевич болатын. Бұл өлшеусіз еңбекті білмейтін қазақ кем де -кем шығар. Сондай-ақ поляктің тағы бір талантты ұлы – Адольф Янушкевич пен Генрих Сенкевич кең байтақ даламыз бен білімді тұлғаларымыз туралы естеліктер жазып қалдырған. Мұның барлығы шығармашылық достықтың тамыры терең екенін танытса керек.
Бағдарламаның басты мақсаты- Отан үшін қапыда кеткен боздақтардың ерлігін дәріптеу. Польша Республикасының жерінде мыңдаған қазақстандық батырларымыз елді қорғап, жан тапсырған. Солардың бірі — Кеңес Одағының батыры Ережепбай Молдабаев. 1925 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген жерлесіміз Сандомир қаласының топырағында жатыр. Польшаның астанасы Варшава қаласынан шамамен 230 шақырым қашықтықта жатқан шаһарға Қазақстаннан барған топ арнайы аялдап, екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің зиратын іздестірді. Әрине өзге елде Қызыл армияның әскерлері жерленген орынды табу оңайға соқпады. Шырғалаң қиындықты талап етті. Себебі Кеңес Одағының батыры Ережепбай Молдабаевтың аты-жөні ғаламтор мен құжаттарда қате жазылған. Мәселен Молабаев, Ератай, Ерансабай болып, әр деректе әртүрлі көрсетілген. Тіпті зерттеулер жоқтың қасы. Тек Ережепбай Молдабаев туралы жазушы, «Айғақ» газетінің бұрынғы редакторы Захардин Қыстаубаев жазған бір ғана жұқа кітап бар. Дегенмен батыр бабамыздың жатқан жерін нақты табу біз үшін маңызды, үлкен жауапкершілік болатын. Себебі біз батыр туған өлкеден 93 жасар ақ жаулықты анамыздың аманатын арқалап келген едік.
Ия батырдың жерленген жерін тауып, іздеуші ұрпағы бар екенін сездіртуден өткен игі іс болмас, сірә. Өйткені 70 жылдан астам уақыт өтсе де Отан үшін жанын пида еткен Ережепбай Молдабаевтың зиратын іздестірген адам кем болған, әруаққа бағышалып құран сүрелері оқылмаған. Әрине, өкінішті. Ережепбай Молдабаев -Алаштың біртуар батыры. Ұрпағының бақыты үшін шыбын жанын қиды емес пе? Міне өзекті өртеген өкініштің орнын толтыру мақсатында арнайы барып, гүл шоқтары қойылып, құран бағышталды.
389 атқыштар дивизиясының құрамында болып, Висла өзенінің бойындағы шайқаста ерлік көрсеткен жауынгердің тағдыры сан-қилы болған. 1932 жылы анасыз қалып, әке мен әпкенің тәрбиесін көрді. Ананың аялы алақанын армандап жүргенде, Ережепбай Молдабаев 16 жасқа енді толғанда соғыс басталып кетіп, қолына қару ұстады. Бойын болаттай бекем буған бозбала 1944 жылы жаудың ауыр танкісіне гранатаны дәл лақтырып, жерге құлап түскен. Әлден уақытта қызыл жалынға оранған танкі көрінгенмен, қазақтың жаужүрек баласы қайта көтерілмеді. Сөйтіп Польша жерінде бұл өмірмен мәңгілікке қоштасты. Алғашында Грудза шағын елдімекеніне жерленген. Кейін әрбір ауылда жатқан жауынгерлерді қайта жерлеу рәсімі өтіп, сонда Ережепбай Молдабаевты да Сандомир қаласындағы зиратқа жеткізіпті. Қазақ батыры -бірнеше Кеңес әскерлерімен бірге бейіттің 4-ші қатарында жатыр. Жылдар бойы шариғатқа сай амалдар жасалып, құран оқылмаған қабірге туған жердің бір уыс топырағы салынып, мәртебелі іс атқарылды.
Дүниеге әлі талай батыр келер. Бірақ өткен замандағы танымал тұлғаларын, ерлікпен қаза болған ерлерін іздеп тауып, сауапты іс тындырудың өзі ғанибет! Кіндік қаны тамып, өсіп-өнген Отанын қорғаймын деп аттанған азаматтарымызды ұмытпау мақсатында Қазақтаннан барған делегация батырдың басында Тәуелсіздіктің көк туын желбіретті. Бұл қадам- тыныштық пен азаттық үшін жанын берген Ережепбай Молдабаевқа деген алғысымызды білдіріп, бүгінде бақытты ұрпақ екенімізді сездірту еді.
Алыста қалған боздақтың тағы бірі -Пила қаласында жатыр. Варшава қаласынан 394 шақырым қашықтықта орналасқан аймаққа арнайы көлік арқылы жол жүріп, діттеген орынға жеттік. 75 000 мың тұрғыны бар қаланың шет жағында Лесков атты саябақ орналасқан. Онда 1762 жауынгер жерленген әскери зират бар. Міне сол орынға бізде жол салып, Кеңес Одағының батыры Жолдыбай Нұрлыбаевты іздеп бардық. Баспалдақ арқылы биікке көтерілгенде ну орманды көрдік. Орманның ортасында ОҚО Мақтарал ауданының тумасы Нұрлыбай Жолдыбаев жатқан жерге жетіп, батыр қабірінің басына гүл шоқтары қойылып, ерлігіне бас иіліп, құран бағышталды.
Батарея командирі болған Жолдыбай Нұрлыбаев Сталинград, Украин, Беларус майдандарына қатысып, 1945 жылы Польша жерінде болған ұрыста ерлікпен қаза тапқан. Бірақ Кеңес Одағының батыры жатқан жерді 2012 жылға дейін ешкім білген жоқ. Арада 67 жыл өткен соң отандасымыз жатқан жер табылып, аты-жөні жазылған белгі тас орнатылды. Бастысы қаһарманның артында ұрпағы бар. Яғни, майданда жүріп Екатерина Прудникова атты қыздың жүрегін жаулап, содан Георгий есімді ұл дүниеге келіпті. Міне батыр көрмеген қызықты, Алматы қаласында тұратын перзенті көріп жүргені көңілге қуаныш ұялатады. Бүгін,де батырдың немере-шөбелері ұрпақты жалғастырып отыр.
Пила қаласынан 100 шақырым қашықтықта Познань атты қала бар. Польша Республикасының ежелден келе жатқан, тарихи өлкесі екінші дүниежүзілік соғыстың бір нүктесі болған. Үйлері бомбаланып, тұрғындары жазықсыз қаза тапқан шаһардың келбеті бүгінде тіпті өзгеше. Зәулім үйлер салынып, сәулеті көз тартатын ғимараттар тұр. Бірақ бұл өлкеде 1944 жылы қанды қырғын болып, сол оқиғада жерлесіміз – Матвей Окороков көз жұмған. Кеңес Одағы батырының сүйегі Познань қаласындағы Цитадель саябағының ішінде жатыр. Қызыл Армияның 6 000 мыңға жуық жауынгері жерленген саябақ 2008 жылы тарихи ескерткіштің орны болып жарияланған.
Познань қаласында батырларын іздеп жүрген қазақстандық делегация бұл күні Адам Мицкеевич атындағы университетке шақырту алды. 1919 жылдан бері терең зерттеулер жасап, түркі тілдес халықтардың тілдерін оқытатын оқу ордасында қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты конференция өтті. Тарих ғылымдарының кіл мықтылары баяндама жасап, ұлтымыздың ұлы тұлғалары туралы терең зерттеулер зерделенді. Қазақ елі деген алып бәйтеректің өзегіне нәр берген түптамырлар, қайнар бастаулар сияқты ой толғамадары айтылған бұл конференцияға арнайы Алматы қаласынан тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған қатысып, поляк пен қазақ халқының байланысы туралы сыр шертті.
Адам Мицкеевич атындағы университеттің Азиятану орталығында қазақ тілін дәріптейтін бөлім бар. Онда біздің мемлекеттік тілімізді, салт-дәстүрімізді игерген студенттер аз емес екен. Сол бөлімді басқаратын қандасымыз Гүләйхан Жарылқапқызымен сұхбаттасудың орайлы сәті түсті.
Қазақта «Жақсысын ұлықтамау, жайсаңын қызықтамау — өз ырысын өзі тепкендік, өз тілеуін өзі кескендік» деген тамаша нақыл бар. Сондықтан біз батырларымызды насихаттап, рухына құран бағыштауды жөн көрдік. Польша Республикасының территориясында жерленген Кеңес Одағы Батырының тағы бірі – Ерденбек Ниетқалиев. Қандас бауырымыздың жарық күні сөнген жер – Оконек аймағына барғанда бізді қаланың бурмистрі яғни, әкімі Самек Малгорзата күтіп алды. Алыстан батырларын іздеп келген қазақстандықтарды арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Қазақ пен Польша арасындағы байланысты алға тартқан екі ел өкілдері бір-біріне сый жасады.
Бұл жалғанда бәрі мүмкін… Тек соның ішінде жазықсыз адам өлімі орын алатын соғыс болса одан өткен қасірет жоқ. Қара бұлт үйірілген заманда ержүректігімен танылған Ерденбек Ниетқалиев Оконек қаласындағы бауырластар зиратында жерленіпті. Эскадронның командирі күрделі операцияны сәтті аяқтап, үш рет жаудың шебін талқандағаны үшін гвардия капитаны атанған. Қандас қаһарман неміс-фашист дивизиясына қарсы шығып, сол ұрыста ауыр жарақат алады. Сорғалап аққан қанға қарамастан шабуылға бұйрық беріп жатқанда, екінші рет оқ тиіп, ұшып, мерт болған. Бұл 1945 жылдың 2 ақпанын да орын алған қайғылы оқиға. Өмірден озған жылы «Кеңес Одағының батыры» атанған асыл ердің сүйегі шетелде жатыр. Мың жолдар жалғансын деп, өз өмірін қиған Ерденбек Ниетқалиевке қойылған белгі тастың жоқтығы өкінішті. Әттең-ай, қапыда кеткен боздақты қалай насихаттасақ та артық болмас еді. Дегенмен Кеңес Одағының батыры жатқан ортақ зираттың басында жаратушы Алладан жаны жәнәттә болсын деген ниетпен дұға тіленді.
Жарғақ құлағы жастыққа тимей, фашистермен күресіп сүйегі Польша елінің топырағында қалған Кеңес Одағының батырларына көрсетілген құрмет, міне осы. Қиын-қыстау заманы отқа салса да, болат темірдей мықты болғандардың бірі – Сабыр Рақымов. Аты аңызға айналған батыр Ростов, Шығыс Пруссия, Польша жерлеріндегі ұрыстарға қатысып, қырағы, талантты командир ретінде көзге түскен.
Халқымызда «Батыр -өлген жерінде, бай- туған жерінде» деген қатқылдау болса да нақыл сөз бар. Адамзат баласын зар жылатып, қайғы-мұңға бөлеген алапаттың бірі дәл осы Ұлы Отан соғысы. Қасіретті жылдары хабарсыз кетіп, денесі жат жерде қалған жауынгердің бірі -383 атқыштар дивизиясының құрамында болған – Қосбармақ Қаңтарбаев. Ол Польша Республикасына қарасты Гжменц елді мекенінде ерлік көрсеткен азамат. Бірақ әлі күнге дейін қалай және қайда мерт болғаны нақты емес. Сонда да болса жерлесіміздің ерлік жасаған Гжменц елдімекенінде болып, қандас жауынгердің зиратына туған жердің бір уыс топырағын жеткіздік. Майдангер мәңгі өлмейді, ел есінде қалады.
Қандай соғыс болса да бейбіт тұрғындарға тигізетін қасіреті мол. Ана мен баланың жүрегі езіліп, көбісі жақынымен мәңгілікке қоштасты. Әліде жасырын жатқан құпия көп. Мәселен көпшілігіміз концлагерь туралы шынай мәліметтерді біле бермейміз. Герман фашистері өз Отанында мінсіз қоғам құруға ұмтылған. Оған сай келмейтін адамдардың жанын зұлымдықпен құрбан еткен. Бұл мақсатта көп жерде концлагерь құрылып, тұтқындардың күшін пайдаланған. Сондай орынның бірі- Освенцим қаласындағы Аушвиц-Биркенау концлагері.
1940 жылдан басталған қырғын соғыс болған жерлерде миллиондаған адамдар зұлымдықтың сан түрін көрген. Концлагерь 28 блогтан тұрады. 1947 жылдан бастап ашылған мемориалды кешен бүгінде үлкен мұражайға айналған. Адамның еңсесін түсіріп, көңілін құлазытатын орынды арнайы алыстан іздеп келіп, өткен тарихты білгісі келетін адамдардың санында есеп жоқ. Әрбір бөлмеде сақталған экспозициялар денеңді түршіктіреді, зұлым жүректілердің іс-әрекетіне жаның күйзеледі. Әсіресе Гитлер бір қателігін екінші рет қайталамайтын еврей ұлтынан күдіктеніп, 1942 жылы оларды құртып жіберу туралы жарлық шығарады. Сондықтан концлагерьдің көпшілігінде ең ауыр жазаны тартып, өлімге кесілгендер де — еврейлер. Сосын жапа шеккендер — жергілікті халық пен Кеңес әскерлері. Олардың ортасында қаншама аналар мен кішкентай ғана жасөспірімдер бар. Баскесерлердің жүйкесі жылдам тозатындықтан, бірнеше адамды өлтіру үшін қаруды пайдалану тиімсіз санап, газды камераларды іске қосып, тұтқындарды «Жұмыс істеудің алдында душқа түсіп алыңыздар» деп, есіктің сыртында «жуынатын бөлме» деп жазылған бөлмеге қамаған… Барлығын кіргізген соң бірнеше минут бойы улайтын газдың капсуласы жіберіліп, артынша қаза тапқандардың шашын, тістерін түрлі қажеттілікке жаратқан. Осындай сұмдық оқиғалар болған концлагерді 1945 жылдың 27 қаңтары күні Кеңес Одағының әскерлері азат етіп, 7000 тұтқын бостандыққа шығады.
Освенцим қаласындағы қанды оқиғалар мен тарихтың сыры, міне осында. Мұнан кейін еңсемізді көтеріп, құлазыған көңілді қалыпқа келтіру мақсатында Краков қаласына бет алдық. Польша Республикасының бұрынғы астанасына барған сәтте қайталанбайтын тамаша көріністер жанымызды жадыратып, тамаша мәдениттіліктің лебі есіп, айнадай тазалық таң қалдырды! Бізге Еуропада керемет шаһарлардың бірі болып есептелетін Краковта жергілікті тұрғындарға қарағанда, саяхатшылардың саны басым секілді көрінді. Оңтүстік Қазақстан облысынан барған топ тарихи шаһарға келгенде, қала көшелерін жаяулатып серуендеді. Өзгеше сәулет өнерімен өрнектелген үйлер, қызыл кірпіштен соғылған ғимараттар адамды өзіне баурап тұрғандай. Бұл- экономикасы мен мәдениетті өсіп-өркендеген, сәулеті мен дәулеті сән салтанат құрған Еуропа!
Қаланың орталық алаңында жүрсеңіз көп қызыққа куә боласыз. Музыкалық дыбыс шығарып, езуге күлкі ұялататын ескерткіштің бейнесіне айналған адамдар, биік-биік ғимараттар және ежелгі моңғол киімін киген әскерлер әдемі көрінеді екен. Негізі Краков қаласын моңғолдар 1241 және 1246 жылдары екі рет жаулап, өртеген деседі. Бүгінде сол 13-14 ғасырлардағы ғимараттар сақталып, 700 жылдан бері дәстүрге айналған алтын түтікшенің үнінде Краковтың өзіне ғана тән құнды қасиеті бар екен. Яғни әр сағат сайын биік төбеден алтын түтікше көрініп әсем әуен естіліп, тамашалап тұрған адамдарға қол бұлғағанда ерекше әсерге бөленеді екенсіз. Ия, осындай қызықтар мен тарихты сақтаған Краков қаласына бір тәулік уақытты бөлдік.
Польша Республикасына бір апта болған сапарында оңтүстікқазақстандықтар қандас батырлар ерлік көрсеткен облыстарды аралап болған соң, Варшава қаласына кері қайтты. Қазақстандық делегация мемлекеттің бас қаласына барғанда тағы бір іс-шараның куәсі болды. Үлкен ғимараттың бірінде ҚР Польшадағы Елшісі Ерік Мылтықбайұлы Өтембаев жергілікті 70-ке жуық инвесторлар мен Польша Республикасының сеймі яғни бірнеше депутаттарының басын қосып, жиын ұйымдастырды. Автомашина, агроном, ауылшаруашылық секілді бірнеше бағыт арқылы миллиардтаған инвестиция елге тартылған жиынға қонақ ретінде Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының депутаты Дулат Әбішті арнайы шақыртып, ілтипат көрсетті. Польшадағы қазақстандық елшілік халқымыздың рухани құндылықтарды, ұлттық салт-дәстүрімізді, басқа да мәдени мұраларымызды халыққа кеңінен таныстырып, насихаттау жолында көптеген игілікті істер атқарып жатыр екен. Бұл тұрғыда осы басқосудағы меморандумды да айтуға болады. Мәселен Түлкібас ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиев Польшаға жасаған сапар кезінде шетелдік инвесторлармен бірлесіп еңбек ету келісіміне қол қойды. Бұл игілікті іс көп ұзамай қолға алынып, екі ел арасындағы байланыс жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді!
Сапар барысында Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев туған өлкесінен келген ағайындарына деген ризашылығын танытты, қонақжайлылықпен дастархан жайды. Дастархан басына жиналғандар қонақ қәде ретінде бір-бірлеріне сый тартты, «Сыйға –сый, сыраға-бал» дегендей, оңтүстікқазақстандық топ туған жерден арнайы алып келген рухани құндылыққа толы дүниелерді Елшіге тарту етті, құтты қонақ ретінде сый-құрмет көрсеткен азаматқа шын көңілден алғыс айтып, қимастықпен қоштасты.
Алыста қалған боздақтар…
Алыста қалың зираттар…
Есімге таныс көз тоқтар.
Алаулайды мәңгі оттар
Ұйқыда жатқан боздақтар.