Ақша және мүлікті жария ету науқаны тағы бір жылға ұзартылуы мүмкін.
Бұл туралы Қаржы министрінің орынбасары Ардақ Теңгебаев тілшілерімізге берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, шара басталған уақыттан бері ел аумағында құны 218 млрд 900 млн теңге болатын 30 мың 901 нысан заңдастырылды. Ал шетелдегі жалпы сомасы 636 млн 500 мың теңгенің 17 ғимараты заңды иесіне рәсімделген. Олар Ресей, Біріккен Араб Әмірлігі сынды мемлекеттерде орналасқан. Бұдан бөлек, екінші деңгейлі банктерде көлемі 73 млрд теңгеге жететін ақшалай есепшоттар ашылды. Дегенмен заңдастыру рәсімі арқылы ел қазынасына 2,9 млрд теңге ғана пайда түскен. Сондықтан ведомство науқан талаптарын жеңілдетуді көздеп отыр. Ал ақша немесе мүлікті жария етуден жалтарғандар үшін 250 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Ардақ Теңгебаев, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:
— Ақшаны сақтау бойынша міндеттеме алмастан, алым төлеместен, өзінің қалауы бойынша шектеусіз билік ете отырып, банктегі шоттарға салу жолымен жария ету. Қазіргі таңда заңда 5 жылға дейін ақшаны сақтау керек деген талап бар. Сол талап алынады.