Аз қамтамасыз етілген отбасылар мен мүгедек балалары бар отбасыларға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жылдық 2% мөлшерлемемен несие бере бастады. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazpravda.kz.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы аз қамтылған көп балалы отбасыларға, толық емес және мүгедек балалары бар отбасыларға жылдық 2% мөлшерлемемен несие беру басталды. Бұл 5 мыңнан астам отбасының өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. 1 қазандағы жағдай бойынша республикада 3864 өтінім қабылданды, оның ішінде 33 млрд. теңгеге 3236 өтінім мақұлданды. Несиелерді 9,5 миллиард теңгеге аз қамтылған 906 отбасы алды»,- деді Атамқұлов.
Ол Елбасының тапсырмасы бойынша, 2025 жылға дейін 40 мың жалдамалы пәтер немесе жыл сайын 6 мың пәтер салу жоспарланғанын атап өтті.
«Бұл мақсаттарға 7 жылға 350 миллиард теңге немесе жыл сайын 50 миллиард теңге қарастырылған. Тұрғын үй кезегінде 38 мың отбасы тұр. Көп балалы отбасылардың ең көп саны үш облыста: Түркістан облысы — 5 937, Алматы облысы — 5 093 және Нұр-Сұлтан қаласында 3 409», — деді министр.
Сөз соңында Атамқұлов көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешуді жеделдету үшін мамыр айынан бастап барлық қаржыландыру көздерінен 3 046 пәтер бөлінгенін атап өтті.
«Әкімдіктердің хабарлауынша, биыл барлық көздерден көп балалы отбасыларға 8 мыңнан астам пәтер беру жоспарланған», — деп түйіндеді Атамқұлов.