«Қазақ дала парламентінің түп қазығы — Мәртөбе». Дәл осы тақырып аясында Шымкент қалалық сотында конференция өтті. Заңгерлер тақырыпты тарихи Мәртөбемен байланыстырып, бір сәт өткен ғасырға шегінген. Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағына мөр басқан әйгілі төбенің талай тарихы қайта еске түскен басқосуға «сен тұр, мен айтайын» дейтін кіл мықтылар шақыртылыпты.Конституция күні жақындап келеді. Ата Заңның айбынын асқақтататын бұл мерекеге қарсы қалалық сот заң тармақтарын білетін, сараптай алатын, тыңдарманға маңызды ой айталатын қайраткерлер, ғалымдарды жиыпты. Олар санаға аздап салмақ түсіретін әңгімелер айтты.
Қазір заң білмесең, жанайқайың көк тиын. Бір мәселеге килікпестен бұрын дұрыс, бұрысын біліп алыңыз. Бір құжатқа қол қояйын деп жатқанда әр әріпті оқып алу қажет. Осы мәселеге терең мән бермеген талай басшылар мен қызметкерлер темір тордың арғы жағында бармақ тістеп жүр. Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбеков кіріспе сөз жасаған соң, Парламент Мәжілісінің екі шақырылымында депутат болған қайраткер баяндамаға кірісті.
«Қазақтың қазақ екендігін білгің келсе, мамыр өте Мәртөбеге кел» дейтін тіркес бар. Мұның астарында үлкен мән жатыр. Бір кездері ұлтымызды сауатсыздардың қатарына балағандарға кімнің-кім екенін дәлелдеген. Осы мәселенің аясында тарих ғылымдарының кандидаты ой қозғап, әдет-ғұрыптарды заңмен байланыстырды.
Бұл конференцияның мақсаты ұрпаққа заңды, әділ сөйлеуді үйрету. Бірақ, діттеген мақсатқа жету үшін жастарды көбірек шақырғанда орынды болар еді. Қалай дегенмен қара қылды қақ жарған заңгерлер «дала парламентінің түп қазығы – Мәртөбе» екенін тағы дәлелдеді.
«Айғақ» ақпарат.