АСТАНА. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жол апаттарын жалғыз полициялық және әкімшілік әдіс-амалдармен азайту мүмкін еместігін айтты.
«Таза полициялық және әкімшілік әдіс-амалдармен жолдардағы тәртіпті ретке келтіре алмаймыз. Бәлкім, бұл жерде жол инфрақұрылымын дамыту бойынша мәселені шешкен дұрыс секілді. Нақтырақ айтқанда, жол айрықтарын, жаяу жүргіншілер жолын, жолдар бойынша қоршау амалдарын қарастырған жөн», — деді министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Қалмұханбет Қасымов өз сөзінде жол-көлік оқиғаларында көз жұмғандардың 20 пайызы жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кететіндіктен тіркелетінін атап өтті.
«Бүкіл әлем бойынша мұндай оқиғалардың алдын алу үшін жолды қоршаумен бөлу амалдары қарастырылуда. Қаза болғандардың 25 пайызы көлік қағып кеткен жаяу жүргіншілер. Ондай жағдайға жаяу жүргіншілердің жолдың рұқсат етілмеген бөлігінен өтіп кетпек болуы себеп болады», — деді министр.
Тілшілердің сұрақтарына жауап бере келе Қалмұханбет Қасымов Астана мен Бурабай аралығындағы, Астана мен Қарағанды аралығындағы жолды мысал ретінде келтірді.
«Аталмыш жолдарда жол-көлік оқиғалары мен жол апатынан көз жұмғандардың саны 70 пайызға азайды», — деді министр.
inform.kz