Жаз мезгілінде өзен, көлдердің жағасында уақыт өткізген жақсы. Десе де суға түсу кезінде қарапайым ережелерді сақтамасақ, бақытсыз жағдайларға тап болуымыз мүмкін. Ал, мұндай жағдайда деркезінде, тез және дұрыс шешім қабылдай білуіміз керек. Шымкент қаласы төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен шомылу маусымында және өрт қауіпсіздігі кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 113 мектепте онлайн сабақ өткізілуде. Шара М.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназия қабырғасында жалғасын тапты. Айта кетейік, жыл басынан бері 7 қайғылы оқиға тіркеліп, оның ішінде 5 кәмелетке толмаған бала және 2 ер азамат қаза тапқан. Қайғылы оқиғаның алдын алу шаралары бойынша сала мамандары мектеп оқушыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқушылардың бірқатар сауалдарына жауап берді.
-Алдыңғы жылдары болған төтенше жағдайлардың мониторингіне сүйене отырып, біздің облысымызда шомылу маусымы сәуір айынан басталып, қыркүйек айын қоса алғанда жалғасады. Ал, 2017 жылы шомылу кезеңінде облыстың су қауыздарында 38 хабарлама түсіп 40 адам қаза болған, оның ішінде 5 оқиға қала аумағында тіркелді, нәтіжесінде 3 кәмелетке толмаған бала және 2 ер азамат қаза болды.
Адамдардың өлім жағдайлары акваториялардың бақыланбайтын бөліктерінде орын алған. Соңғы жылдары құтқарушылар бақылайтын жабдықталған су қауыздарында адамдар суға батып қайтыс болған оқиғалар тіркелмеген. Осы жағдайларда суға батқандардың себептері: су ағындарының жанында өздерін абайсыз ұстау, жабдықталмаған орындарда шомылу, мас күйде шомылу, су ағындарының қасында балаларды қараусыз қалдыру. Балалар әрдайым ата-анасының қырағы бақылауымен суда жүзуге тиіс, қайғылы оқиғалар көлдің, каналдың, бассейнің, саяз жерінде де болуы мүмкін. Сонымен қатар, ата-аналардың балар өмірі мен денсаулығына жауапты екенін және балалар өмірі мен денсаулығына қауіп келтіретін жерлерде, сулар мен табиғи және жасанды су айдыны жанында балаларды қараусыз қалдырмауы туралы ескерту қажет. Ата-аналарға, Қазақстан Республикасы қылмыстық Кодексінің 119 «Қауіпте қалдыру» бабының 2 -тармағы «Ерекше бөлімінің» мазмұнын жеткізу керек, — дейді Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы Азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы Нұржан Қаракөзов.
Б.Жанысбаева