Көліктік тасымал саласында Қытаймен ынтымақтастықта Қазақстан ең белсенді елдің бірі болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеше біз өте жақсы фактілерден хабардар болдық. Асқар Мамин мырза (ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары) Қазақстан Қытаймен жұмыс істеп жатқан ең белсенді елдердің бірі екенін айтты. Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау бойынша 17 провинциямен келісімдер бекітілген. Әрине, біз бұл мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек, осы орайда жүктер Скандинавияға және өзге де Еуропа елдеріне жеткізілуі үшін Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға уағдаластық», — деді ЭКСПО-2017 көрмесінде өткен баспасөз мәслихатында Латвия темір жолы президенті Эдвин Берзиньш.
Қазақстан әрдайым Латвия темір жолы үшін сенімді серіктес болғанына тоқталған ол, қазіргі уақытта жаһандық өзгерістер мен транзит саласы нарығындағы бәсекелестікке байланысты Қазақстанның рөлі артып келе жатқандығын атап өтті.
Эдвин Берзиньштің пайымынша, жақын арада Азиядан Еуропаға бағытталған жүктердің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтуі мүмкін.
«Соңғы жылдардағы үрдісті назарға ала отырып, қазақстандық темір жолдармен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз. Бұл ретте Қазақстан қақпасын Азияға және Латвияны Еуропаға жол ретінде пайдалану әлеуеті зор», — деді ол.
Дереккөз: inform.kz