Шатаспасақ, соңғы 3-4 жылдан бері елімізде отбасы құндылықтарына билік тарапынан үлкен көңіл бөліне бастады. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, отбасындағы тәрбиені насихаттайтын ұйымдар мен топтар құрылып, жыл сайын Елбасы бастамасымен республикалық деңгейде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Сондай-ақ, еліміздегі жетімдер мен ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың санын азайту мақсатында да ілкімді істер атқарылуда.
Мемлекеттің отбасы өміріне, оның құндылықтарына араласа бастауының бірнеше себебі бар. Әсіресе, соңғы уақытта елімізде тастанды балалар санының күрт артуы дабыл қағатын жағдайға жетіп отыр. Қатыгез ана жаңа туған сәбиінен бас тартып қоя салмай, оны дәретханаға, жол бойына, қоқыс жәшігіне, бөтен үйлердің ауласына тастап кетуде. Ең қорқыныштысы, мұндай жаңалықтарға тұрғындардың құлағы мен бойы үйреніп бара жатқандай.
Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі де қазір күрделеніп кетті. Ерлі-зайыптылардың арасында бұрын тек ыдыс-аяқ сықырлап қоя салса, қазір адам өлімімен аяқталатын деректер көбейген. Прокурорлардың айтуынша, бүкіл қылмыс атаулының 30-40 пайыздайы осы отбасындағы дау-жанжалдан шығады екен. Ал, «қазақы қаймағы бұзылмаған» деп жиі айтатын Оңтүстік өңірінің өзінде жаңа некелескен әрбір үш отбасының бірі ажырасып жататын көрінеді.
Бұл проблемалардың себебін әлеуметтік жоқшылықтан деп айтатындар көп. Бірақ, олай емес екені тағы анық. Өйткені, қазақтың басынан бұдан да қиын замандар өтті, талай қырғынның куәсі болған халықпыз. Алайда, дәл қазіргідей әйелдер дәретханаға баласын тастап, ерлер талақшыл болған емес. Демек, қазіргі отбасылық проблемалардың артында рухани дағдарыс тұр деп айтсақ қателесе қоймаспыз.
Ал, бұл рухани дағдарыстың қалыптасуына не себеп болды? Сол туралы азды-кем айтып көрсек…
Ең бірінші кезекте тоқсаныншы жылдардағы экономикалық дағдарысты айтуға болады. Аналарымыз ала дорбаны арқалап базар жағалап кетсе, әкелеріміз бір бөлке нан үшін көрінген жұмысқа жегілді. Ал, бала тәрбиесі мүлдем жайына қалған еді.
Бертін келе жағдай түзеле бастады. Елдің экономикасында тұрақтылық пайда болып, халық «жөні түзу» жұмысына кірісті. Бірақ, бұл уақытта да үйдегі баланы теледидар тәрбиелеген болатын. Әке-шеше таңертеңнен кешке дейін жұмыста. Ал, ата мен әженің бар деген аты ғана, бірақ оларыңыз немереге жыр-дастан немесе ертегі айтуға жарамайтын. Яғни, балаға дұрыс тәрбие бұл кезде де берілген жоқ.
Демек, қазіргі рухани тоқырауға сол тоқсаныншы жылдардағы экономикалық дағдарыс тікелей әсер етуі әбден мүмкін.
Екіншіден, ақпараттық технологиялардың барынша дамыған заманында өмір сүріп жатқанымызды естен шығармаған жөн. Яғни, бүкіл теріс насихаттың бәрін қазір алақандай ғана смартфоннан да алып жатырмыз. Психолог-мамандардың айтуынша, жастар арасындағы зорлық-зомбылықтың өршіп кетуіне сол интернеттегі порнография, жауыздықты насихаттайтын видеороликтер себеп болып отырған көрінеді.
Бұл айтып отырғанымыз тек кейбір себептері ғана. Енді осы 20-25 жыл бұрын жіберген кемшіліктің орнын немен тотырамыз? Азаматтардың жүрегіндегі иманын, арын қалай оятпақпыз? Ғасырлар бойы қалыптасқан руханиятты тірілту үшін не істеуіміз қажет? Міне, қазіргі биліктің де жауабын іздеп жүрген сауалдары осы секілді.
Бірден айтайық, бір ғана дінмен имандылықты және руханиятты қалыптастыра алмайтынымызға соңғы 5-10 жылда анық көзіміз жетті. Мешіттерді салуындай салып-ақ жатырмыз. Қазір шалғайдағы әрбір ауылда қос-қостан «Алла үйі» бар. Уағыз айтатын имам-молдалар да жеткілікті. Мешіттердің іші жастарға толы. Дінге бет бұрғандар саны жылдан жылға артып келеді. Бірақ… Бірақ, халық жаппай имандылыққа бет бұрып кеткен жоқ, керісінше жан түршігерлік қылмыстар жасайтын жастардың саны артты.
Біз мұнда дінді немесе дін өкілдерін айыптап отырғанымыз жоқ әрине. Рас, ислам кіршіксіз пәк дін. Бірақ, біз оның тек сыртқы формасын ғана қабылдап алғандаймыз. Яғни бес уақыт намазын оқимыз, оразасын ұстаймыз, ал, өзге талаптарына келгенде сылтауды көбейтетініміз жасырын емес.
Жә, дін туралы бөлек әңгіме. Тек, бір дінмен мәселенің шешілмейтінін айтқымыз келгені. Ал, Елбасы болса отбасылық құндылықтарды қалыптастыру үшін ең алдымен салт-дәстүрді жаңғырту керектігін осымен бірнеше рет айтты. Алайда, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мардымсыз ба, әйтеуір нәтижесі көзге көрінер емес.
Салт-дәстүрден бөлек, отбасындағы проблемаларды шешу үшін билік өкілдері қазір жан-жақты ұсыныстарын ортаға салып, талқылап та жатыр. Мәселен, кешегі аптада ҚР Бас прокурорының төрағалығымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған үлкен жиын өтті. Онда статистика да айтылды, Жақып Асановтың өзі басынан өткен бірнеше оқиғаларын да айтты және проблеманы шешу жолдары талқыланды. Бас прокурордың пікірінше, қазіргі жастар үйленерінің алдында арнайы курстан өтуі қажет. Өйткені, мұндай тәжірибе әлемнің өзге елдерінде жиі кездеседі екен.
Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:
– Сүйдім-күйдім деген екі жас көп ұзамай үйленеді. Басында тамаша, кейін көңілдері қалып, дау-жанжалға, тіпті қол жұмсауға барады. Арты сот, балаларды бөліп алады, құдалардың арасы ашылады. Мүлікке талас басталады. Бүгінде ажырасу жағынан Қазақстан алғашқы жағымсыз ондықтың ішіне кіреді. Басты себеп – отбасы деген не, бақытты отбасының құпиясы неде екенін жастар біле бермейді. Сондықтан, үйленемін деушілерге арналған міндетті курс, осыны ерекше атап өтемін, міндетті курс болуы қажет. Одан өтпесе, неке болмауы керек. Мұндай тәжірибе біраз елдерде бар. Мысалы, Сауд Арабиясында, Малайзияда, Италияда, Латвияда, айта берсе, ондай тізімнің шегі жоқ.
Бас прокурордың айтуынша, аталған курстан мектеп оқушылары мен үйлемін дейтін жастар өтуі тиіс.
Енді осы прокуратураның статистикасына көз жүгіртсек: соңғы жылдары елімізде әйел адамдарға қатысты қылмыстардың саны 90 пайызға өсіпті. Әрбір үшінші қылмыс отбасы жағдайында болады. Өткен жылы 36 әйел және бір бала қайтыс болса, 2 481 әйел мен 851 бала зорлық-зомбылықтың құрбанына айналды. 742 әйел мен кәмелеттік жасқа толмаған 175 жас өз-өзіне қол салған.
Айта кету керек, Жақып Асанов Бас прокурор болып тағайындалған уақыттан бері отбасы құндылықтарына, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты бірнеше жиын өткізіп, тіпті, жастармен кездесулерге де қатысты.
Ал, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева болса отбасы мәселелерімен айналысатын арнайы бір министрлік құру қажет екенін айтып отыр. Тіпті болмағанда, қазіргі министрліктердің біріне бұл міндет жүктелуі қажет дейді ол. Өйткені, елімізде осы күнге дейін отбасы мәселелерін реттейтін бірде-бір арнайы ведомство болмапты.
Зағипа Балиева, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Бүгінгі таңда жастар ісі бір министрліктің қарауында болса, балалардың құқығын қорғау мәселесімен өзге министрлік айналысады. Ал, отбасы мәселелерімен айналысатын бірде-бір мемлекеттік орган жоқ. Менің бұл ұсынысым қараусыз қалмайды деп үміттенемін. Ең болмағанда осы мәселелердің бәрін біріктіріп, бір министрліктің қарауына береді деп ойлаймын.
Бұл ұсынысты депутат ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа жолдады. Енді арнайы министрлік құру мәселесін үкімет басшысы конституциялық нормаларға сай шешетін болады.
Осы ретте айта кету керек, Германия, Түркия, Нидерланды, Норвегия және өзге де дамыған елдерде отбасы мәселесімен айналысатын арнайы министрліктер бар. Көрші Ресейде министрлік болмаса да, бұл мәселемен агенттік және губерниялардағы жергілікті ведомстволар айналысады.
Ал, Зағипа Балиеваның Мәжілістегі әріптесі, депутат Айгүл Соловьева болса отбасы үшін министрлік құрудың қажеті жоқ екенін айтып отыр. Өйткені, қазірдің өзінде бұл функцияны бір емес бірнеше министрлік атқарып келеді екен.
Айгүл Соловьева, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Отбасы мәселелерімен айналысатын институттар бізде көп емес пе?! Ең алдымен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямыз бар. Мұны мемлекеттік орган демесеңіз, Дін істері және азаматтық қоғам деген министрлік құрылды жуырда ғана. «Азаматтық қоғам» деп аты айтып тұрғандай, бұл ведомство осы отбасы құндылықтарымен айалысуы қажет. Арнайы функциясы болмаса беру керек. Ол аз десеңіз, білім министрлігінде жастар ісімен, балалар құқығымен айналысатын комитеттер бар. Бастысы осы органдар нақты жұмыспен айналыссын, сол кезде нәтиже болады. Ал, жаңа министрлік құру дегеніңіз артық шығын.
Депутаттың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық Қазақстанда бұған дейін де аз болмаған. Тек қазір интернеттің дамуы, халықтың әлеуметтік желілерді жаппай меңгеруі проблеманы «су бетіне алып шыққан».
– Мұндай тұрмыстық проблемалар бұрыннан бар. Тек соңғы жылдары еліміздің құқық қорғау органдары бұл мәселені шешуге білек сыбана кірісіп кетті. Ал, қоғамдық ұйымдар болса қанша жылдан бері дабыл қағып келеді. Бірақ, оларды тыңдайтын құлақ табыла қойған жоқ. Оның үстіне, біздің азаматтар біреудің отбасындағы ұрыс-керіске барынша араласпауға тырысады емес пе?! Содан да болар, бұл проблема бүгінге дейін көлеңкеде қалып, енді ғана су бетіне шығып жатыр. Сондай-ақ, баршаға мәлім, Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына кіруді өзіне мақсат еткен. Сол мақсатқа жету үшін бірнеше талаптарды орындауымыз қажет. Сол талаптардың бірі – адам құқықтарының сақталуы. Әсіресе, әйелдер мен балалардың құқығы бұзылмауы қажет. Сондықтан, құқық қорғау органдары қазір қандай да бір кемсітушілікке жол бермеудің амалдарын атқаруда. Сонымен қатар, қазір әлеуметтік желіні біздің халық әбден меңгеріп алды, соның арқасында қазір қаншама әйелдің, баланың құқығы бұзылып жатқанын анықтап, тиісті шаралар қолданып жатырмыз, – дейді Айгүл Соловьева.
Естеріңізде болса, жастардың руханияттан алыстап кеткенін тағы бір Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова да осыдан бірер ай бұрын айтқан болатын. Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында Хаменова салт-дәстүрді жастардың бойына сіңіріп, тәрбиені күшейтуге шақырған еді. Ал, оның тастанды балаларға арналған «бэби-бокс» орнату туралы ұсынысы қоғамда қызу талқыланып, көпшіліктен қолдау таба қойған жоқ.
– Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, 2016 жылы Қылмыстық кодекстің 119 бабы «баланы қауіпті жағдайларда қалдырып кету» фактісі бойынша ішкі істер органдары 15 іс қозғады. 2017 жылдың 3 айында 8 оқиға тіркелді. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар өсіп жатыр. Қыздар ұрпақ жалғастыруы тиіс. Қыздарымыздың тәрбие-өнегесі – болашақ буынның тағдыры. Кейбір елдерле «үміт бесігі» – бэби-бокс деген бар. Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және қоғамдық ұйымдарға күш біріктіретін уақыт жетті. Осындай «үміт бесіктері» көптеген батыс елдерінде медициналық мекемелердің жанында орнатылады. Осылайша, мыңдаған нәрестенің өміріне араша болды. Аталмыш бокстарды орнату орын алған жағдайды шеше алар еді, – деді Б.Хаменова өзінің депутаттық сауалында.
Ерте болсын, кеш болсын, бастысы билік отбасы құндылықтарын қалыптастыруды мықтап қолға алған секілді. Экономикамызды реттейміз деп жүріп, идеология саласын ақсатып алғанымыз жасырын емес. Енді билік өкілдері осы ұсыныстан іске көшіп, кезінде жіберген кемшіліктеріміздің орнын толтырады деген үмітіміз басым. Ештен кеш жақсы… Бастысы уақытылы. Тек әрбір Қазақстан азаматы өз отбасына ең алдымен өзі жауапты екенін естен шығармаса болғаны…
Дереккөз: bnews.kz