Шымкент қаласы Абай аудандық сотының төрағасы Сайдыбаттал Тоқбергенов 2020 жылдың қорытынды есебін берді. Баспасөз мәслихатында өткен жылы тіркелген 434 қылмыстық іске тоқталып, сапа көрсеткіші бойынша 2019 жылмен салыстырды. Келіп түскен электронды қылмыстық істер жыл өткен сайын артып отыр екен. Мысалы, 2019 жылы – 63 іс тіркелсе, өткен жылы оның саны – 109-ға жеткен. Ал қылмыстық іс бойынша 2019-шы жылмен салыстырғанда– 48 іске, ал шешімін тауып, аяқталған істер – 73 ке төмендегенін айтты. Осы кезге дейін сотқа келіп түскен талап-арыздар, қылмыстық істердің қаншасы қаралғаны мен ақталғанын, қысқартылғаны мен прокурорға қайтарып берілгендігі жөнінде де сөз етті. Медиация – жанжалды шешудің оңтайлы тәсілі. 2011 жылдың 28-ші қаңтарында «Медиация туралы» Заң қабылданып, сол жылдың 5 тамызынан бастап қолданысқа енді. «Бүгінгі таңда көптеген отбасылар мен азаматтар аталған Заң аясында сотқа дейін райынан қайтып, ортақ мәмілеге келіп жатыр», -дейді Абай аудандық сотының судьясы Ләззат Әуелбекова. Өткен жылы сот медиациясымен – 394, татуласу рәсімімен – 19 істің жабылғаны осының айқын дәлелі. Айта кетейік, құқығы бұзылған талапкердің мәселесін медиациялық сот 10 күн ішінде қарайды.