Енді зейнетақы жинағының бір бөлігін алу туралы өтінімнің күшін жоя аласыз.Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында «Отбасы банк» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.
«Қазір біз өз клиенттеріміздің ескертулерін есепке ала отырып, порталымыздың жұмысына тиісті өзгерістерді енгізіп жатырмыз. Бірінші кезекте өте жиі түсетін өтініш — өтінімді редакциялау мүмкіндігін беру. Яғни, алдымен адам несиені төлеу туралы өтініш білдіріп алып, кейін жаңа пәтерді ипотекаға сатып алғысы келетін жағдайлар бар. Ал қазірдің өзінде арнайы шотқа ақшасы аударылып қойды делік. Менің ойымша, бір аптаның ішінде өтінім берушілер үшін өтінімді редакциялау мүмкіндігі беріледі», — деді Ләззат Ибрагимова. Оның айтуынша азаматтар тіпті берген өтінімінің күшін жоя да алады.
«Көбісі ақша бар екеніне көз жеткізіп, операцияларды жыл соңына дейін жүргізу туралы шешім қабылдап жатыр. Мұндай мүмкіндік те пайда болады. Зейнетақы төлемдерін біріктіру мүмкіндігі де пайда болды. Сондықтан жаңа мүмкіндіктер туралы ақпарат беретін біздің банктің қызметкерлері әлеуметтік желіні қадағалап отыр», — деді Ләззат Ибрагимова.
Еске салсақ, 2021 жылы 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты заңға қол қойған болатын.
Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жаңартылған «жеткіліктілік шегі» жарияланды. Зейнетақы жинағынан алуға болатын сома БЖЗҚ сайтында автоматты түрде көрсетіледі.