№75 мектеп-гимназиясында сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді. Оның айқын көрінісі «HR PROCEES» арқылы жұмысқа қабылданған білікті мамандар. Бүгінде білім ұясында аталған бағдарлама аясында тәжірибелі ұстаздар қызмет етіп келеді. Үшінші тоқсаннан бастап, жоғарғы сынып оқушылары 100% штаттық режимде білім алуда. Барлық санитарлық талаптар сақталған.
Бүгінде мұғалім мәртебесін көтерумен қатар, педагогқа қойылар талап та қатаң. Бұл жолда «HR PROCEES» жүйесі жұмысқа тұрушының қабілетін анықтайды. Дәл осы бағдарлама аясында жұмысқа тұрған Бауыржан Әбдіжаппарұлы бүгінде сапалы білім беру жолында еңбек етіп келеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана — мектеп қабырғасында қалануы тиіс. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол беруге болмайды. Мектеп директоры Ақтолқын Оразбаеваның айтуынша, қоғамда белең алған дертті жою және алдын алу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.
№ 75 мектеп-гимназиясында жалпы саны 1456 оқушы білім алуда. 128 ұстаз заман талабына сай, сапалы білім беру жолында еңбек етіп келеді. Бүгінде 893 оқушы штаттық режимде білім алуға көшкен. Мектеп ұжымы онлайн оқу кезінде орын алған олқылықтардың орнын толтыру үшін барынша тырысып бағуда.
Мектепте оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, салауатты өмір салтын ұстануға қалыптастыратын спорттық үйірмелер, баланың ой-өрісін дамытуға бағытталған қолөнер, шахмат үйірмелері. Ерекше тоқталып өтетіні шеберлердің өз қолымен жасаған бұйымдары.
20 жылдық тарихы бар білім ұясы үздіктерді тәрбиелеуде үлкен үлес қосып келеді. Мектептің мақтанышына айналған Айкөркем Сабитова республикалық байқауда бас жүлдені иеленген. Мектеп оқушылары қалалық, республикалық байқауларда кіл мықтылардың қатарынан көрініп жүр. Бұдан өзге алтын белгі иегерлері мен үздік аттестат алған оқушылардың да қатары көп. Білім берумен қатар, санитарлық талаптардың сақталуы да қатаң бақылауда. Кіре беріс есіктен тепловизордың көмегімен оқушылардың дене қызуы жіті тексеріледі. Сабақ уақытында арақашықтық сақталып, залалсыздандыру құралдарының болуы да басты назарда.