Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында 70 көше асфальт төсеуді қажет етеді. Тұрғындардың бұл мәселеге байланысты әкімдікке арыз-шағымдары да аз емес. Биыл бұл мәселе шешіледі ме? Аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов өткен жылдың қорытындысы бойынша онлайн форматта есеп беру кездесуінде аталған бағытқа бөлінетін қаражаты да, атқарылатын жұмыстарды да нақтылап айтпады. Себебі, 70 көшенің жағдайы қаржының бөлінуіне байланысты болмақ. Үшінші мегаполистің үлкен ауданындағы жолдарына асфальт төсеуді осылай қысқасынан қайырды. Ғабит Патшаханұлының әкім қызметінде отырғанына аз уақыт болмағандығын ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстардың шешімін толығымен қарастырмау, бюджетке алдын ала ұсыныстар жолдамауы қисынға келмейді. Егер Шымкент қаласы экономика және қаржы басқармасына өтінім берілген болса, неліктен тұрғындарға тізім бойынша, нақты мәліметтер бермеді? Ол жағы түсініксіз. Әлде, халықпен кездеспей, онлайн форматтағы есеп болғандықтан ба? Айғақ-ақпарат