Бала – өмірдің мәні. Бүгінде көп отбасы осы бір қымбат байлықтың қадірін білгенімен, құшағына баса алмай жүр. Жыл сайын еліміз бойынша берілетін 1000 квота биыл 7 есеге артты. Яғни, 7 мың отбасыға бала сүюге мүмкіндік бар. Шымкент қаласында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында өткен жылы 64 квота бөлінсе, биыл бұл мүмкіндікті 403 отбасы иеленгелі отыр. Жылт еткен сәулені жақсылыққа жоритын жандар үшін бұл – үлкен қуаныш болмақ.
Жасанды ұрықтандыруға жіберу туралы шешімді Шымкент қаласы денсаулық басқармасы жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Өтініш берушіге қойылатын басты талап – неке туралы куәліктің болуы. Бүгінгі күні басқарма кезегінде 400-ге жуық отбасы тұр, олардың басым бөлігі 2020 жылы өтініш берген. Тағы бір маңыздысы жасанды ұрықтандыруды жүзеге асыратын медициналық орталықты өтінім иелері қалауы бойынша таңдай алады. ЭКО процедурасына өтініш беру үшін тіркелген емханаға барып, тексеру нәтижесінде процедураға жіберіледі.Айғақ-ақпарат