Түркістан облысы медициналық жедел-жәрдем стансасына 77 санитарлық көлік берілді. Салтанатты рәсімге арнайы қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, отандық өндірістегі жедел-жәрдем көліктерінің жасақталуымен танысты.«Коронавирус індетіне қарсы шаралар аясында республикалық бюджет есебінен алынған жаңа көліктер ауыл тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттырып, жедел-жәрдем паркін жаңартуға мүмкіндік беріп отыр. Жыл соңына дейін қосымша 45 дана санитарлық автокөлікпен жабдықтау көзделген. Осы орайда, сіздердің ерен еңбектеріңіз бен шипалы алақандарыңыз үшін алғысымды білдіргім келіп отыр. Еңбектеріңіз халыққа денсаулық, қуаныш сыйлап, өздеріңізді нұрға бөлесін»-, деді аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы.Жедел-жәрдем көліктері науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мамандандырылған реанимациялық емдік шараларын көрсетуге мүмкіндік беретін автокөліктер портативті өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриллятор, электрокардиограф, реанимациялық көмек көрсетуге арналған чемодан, жылжымалы зембіл, пульсоксиметр, редуктор-ингалятор және электрсорғыштармен жасақталған.
Жалпы, күн сайын облыстық жедел-жәрдем стансасының 124 бригадасы шақыртуға шығады. Тәулігіне орташа есеппен 2000-ға жуық қоңырау түсуде. Келесі жылы бригадалар санын 150-ге дейін арттырып, медициналық жедел-жәрдем қызметін одан әрі жетілдіру жоспарланған.