«Айғақ» теларнасы көтерген мәселенің шешімі табылды. Жаңалықтар бағдарламасынан Қаратау ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығының жағдайын жеткізген болатынбыз. Яғни, 45 мың халқы бар Сайрам мөлтек ауданының тұрғындары арыз айтып, билікке базынасын баяндады.
Қысқаша қайырсақ, Сайрам ауылында халыққа қызмет көрсетіп отырған мекеменің мегаполис орталығына көшкеніне жергілікті тұрғындар наразы. Өзбек драма театрының ғимаратын жалға алып отырған орталықта дау-дамай туындап, ауылдың ақсақалдары бас көтерді. Осыдан кейін «Нұр Отан» Партиясының өкілдері жиналып, істің түп-төркінін зерттепті. Нәтижесінде тұрғыны көп аймаққа халыққа қызмет көрсететін орталық қажет-ақ. Және ол мекемені көшіру негізсіз болып табылды.
«Нұр Отан» Партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов Сайрам ауылында болып, жергілікті тұрғындармен кездескенде көп мәселені естіді.
Қазыналы қариялардың билікке өкпесі жоқ. Тек әлеуметтік мәселе шешімін тапса дейді. Халыққа қызмет көрсету орталығының басшылары мен елдегі көшбасшы партияның өкілдері жиылған жиналыс соңы жағымды жаңалықпен бітті. 45 мың тұрғынға қызмет көрсетіп отырған мекеме жаз мезгіліне дейін жұмысын театрдың ғимаратында жалғастыратын болды. Маусым айынының алғашқы аптасында Сайрам ауылынан жаңа нысан берілмек. Жеке кәсіпкер халыққа қызмет көрсету орталығы үшін ғимарат берем деп уәде берді. Егер уәде орындалса, өкпе де тарқамақ.