ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың басым емес шығыстарын қысқарту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы қаралды.
Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов баяндады.
Мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың жүргізген жұмыстарының нәтижелері бойынша қысқартуға ұсынылған шығыстардың жалпы сомасы 128,6 млрд теңгені құрады, оның ішінде орталық мемлекеттік органдардан – 23 млрд теңге, өңірлерден – 26,6 млрд теңге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінен – 79 млрд теңге.
«Жергілікті бюджеттердің шығыстары бойынша әкімдіктер мәслихаттар арқылы осы шығыстарды қысқарту жөнінде бюджеттердің тиісті деңгейлерінде шешім қабылдауы қажет», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшыларына директорлар кеңестері мен басқарма отырыстарының аясында ұсынылған шығыстарды қысқарту жөнінде тиісті корпоративтік шешімдерді қабылдауды тапсырды.
primeminister.kz сайтынан