83 жылдық тарихы бар еліміздегі беделді жоғарғы оқу орындарының бірі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде соңғы уақытта жақсы жаңалықтар болмады. Ректор қызметін атқарған Анар Қайырбекованың үстінен оқу ордасының педагогтары шағымданып, жұмыстан шығуын талап еткен болатын. Министрлік талап-арызды қанағаттандырып, Анар Қайырбекованы 7 ақпан күні қызметінен босатты.
Алайда, университет ұжымы экс-ректордың 3 ай бойы атқарған жұмысы мен заңсыз және негізсіз іс-әрекеттерін жариялауды шешіп, БАҚ өкілдеріне брифинг берді. Кездесу барысында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу және оқу-әдістемелік істері жөніндегі проректоры Баршагүл Қашқынқызы «Анар Қайырбекова өзінің заңсыз іс-әрекеттерінен бөлек, менің үстімнен сыбайлас жемқорлыққа қатысты жала жапты»,- деп, сотқа беретінін жеткізді. Яғни, алдағы уақытта университет ұжымы мен экс-ректордың арасындағы байланыс үзілмей, сотта жалғасатын болады.