Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасыға халықпен кері байланысты күшейту және партия активінің сапалық құрамын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ саяси кеңестің кеңейтілген отырысын өткізуге дайындық барысы туралы баяндалды, — деп хабарлайды «Айғақ-Ақпарат» тілшісі Еlbasy.kz сайтына сілтеме жасап.
— 2019 жылы партияға 213 мыңнан астам азамат жүгінген. Әлеуметтік сауалнамалардың мәліметтері бойынша, әрбір төртінші қазақстандық мәселе туындаған жағдайда «Nur Otan»партиясына жүгінеді. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес өңірлерді аралау басталды. Шалғай елді мекендерге баса назар аударамыз. Атырау облысының Мақат және Жылыой аудандарына бардық, — деді Б. Байбек.
Азаматтардың проблемаларын шешуге партияның белсенді қатысуының маңыздылығын атай отырып, Елбасы қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған шараларды іске асыру үшін өңірлердің инфрақұрылымдық даму мәселелеріне назар аударды.
— Атырау мен Астрахань арасындағы жол құрылысы жүргізілуде. Ақтөбе мен Атырау қалаларының арасындағы жол болады. Ірі автомагистральдардың құрылысын аяқтағаннан кейін облысішілік жолдардың құрылысына назар аудару қажет. Бұл халық үшін маңызды, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесу соңында «Nur Otan» партиясының төрағасы бірқатар нақты тапсырмалар берді.