Солтүстік өңірге қоныс аударған түркістандықтардың жаңа өмірімен танысу мақсатында теріскейге келген түркістандық журналистер Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереевпен кездесті. Келелі кеңесте солтүстікке көшіп келгендердің тұрмыс-тіршілігіне тоқталған облыс әкімі орынбасарының айтуынша, жеке кәсіппен айналысамын деген азаматтарға қажетті жағдай жасалып, жер учаскелері бөлінеді, құрал-жабдықтарды алуға гранттар беріледі. Сондай-ақ, мал басы мен құс алуға 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін субсидиялар қарастырылған және мемлекеттік бағдарлама аясында несиелер де беріледі. Қазіргі таңда облысқа қоныс аударып келушілер үшін 428 үй салынуда.
Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында халықтың жетіспеушілігіне байланысты 118 ауылда 290 мектеп жабылып, қызметін тоқтатқан. Бүгінде сол ауыл-аймақтарға жұмыс күшін қайта тарту маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Сонымен қатар, аймақта денсаулық, білім, ауылшаруашылық салаларында маман жетіспейді.
«Айғақ-Ақпарат»