Шымкент қаласындағы іргелі оқу ордасының бірі 20 жылдық тарихы бар Халықтар достығы университетіне академик Əбдімұса Қуатбековтың есімі берілді.
Жоғары оқу орнының атауын өзгерту университет ұжымы мен студенттерінің ұсынысы негізінде жүзеге асып отыр. Себебі Əбдімұса Маратұлы нақ осы жоғары оқу орнының негізін қалаған.
Жастарға білім беру жолында еселі еңбек еткен азамат көзінің тірісінде Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор, П.Капица атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты атанды. Əбдімұса Қуатбековтың еңбексүйгіштігі, кəсіби жəне ұйымдастырушылық жұмысының, шебер тəсілі мен терең білімінің арқасында 1999 жылы аталған университет құрылды. Қазіргі уақытта мұнда 7 мыңға жуық студент білім алуда.
Осы орайда Академик Ə.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті атауын иемденген оқу ордасының бұл күні салтанатты түрде лентасы қиылса, айтулы шара баспасөз конференциясымен жалғасты. Сонымен бірге, бұл күні университеттің акт залында Ə.Қуатбековты еске алуға арналған мəдени шара өтіп соңы концерттік бағдарламаларға ұласты.