Тіршілік біткеннің анасы – жер. Сондықтан ол бәріне керек. Жерге деген талас ешуақытта тоқтаған емес. Мәселен, Шымкент қаласында бір азаматқа берілген жер, бірнешесіне тиесілі болып шыққан жағдайлар жетерлік. Шаруашылыққа арналған жерлер баспана салу үшінде сатылымға шығып, жекенің меншігіне өтіп кеткен жер қанша ма? Бұл бір кездегі әкімдердің шешімі. Нәтижесінде талай жанжал туындады. Бірақ, қазір білектің күшімен іс бітпейді, тек заңға жүгінесіз. Сондықтан Шымкент қалалық сотының ғимаратында жиын өтіп, онда мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін берудің талаптары айтылды. Егер сізден мемлекет жекеменшік жеріңізді сұраса онда нарыққа орай бағаланған теңгені аласыз немесе дәл сол қаражаттың көлеміне жер сұрауға құқығыңыз бар.
Заңды құжаттары бар адамнан жерді алып қоюға болмайды. Бірақ, түсіндіре кететін жайт бар. Кейбір жер алушылар өздерінің меншік құқықтарын уақытылы заңдастырмайды екен. Содан әлгі бөлік мемлекетке немесе өзге адамға сатылып кеткенде таң-тамаша қалып, арыздануға кіріседі. Дөңгелек үстелде «мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алу» мәселесі тереңірек қозғалып, жердің құнын анықтауға байланысты сұрақтар туындады. Бұл сәтте билік өкілі әлімжеттік жасамау керек, ал жерін мемлекетке беретін тұрғындар дүниенің құнын сұраудан бас тартуы тиіс. Тек, өзгертілген заңға жүгінсеңіз болғаны.
Әлі талай адам жер алып, мемлекетке жер қайтарып беретіні белгілі. Сонда сіз жер туралы заңды парақтап бір оқып, құқығыңызды біліңіз. Сонда сотқа жүгіріп аяқтан тозбайсыз, жүйкені текке құртпайсыз. Дөңгелек үстелде судьялар жердің құнын есептегенде сол учаскенің аясында егілген көп жылдық жеміс ағаштарын есепке қосу керек дейді.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұхтар Пәрменов сот процесінде туындайтын мәселелерге сүйеніп, қарапайым халықтың мүддесін көбірек қорғады. Дауды болдырмаудың жолдарын ұсынып, жері мемлекетке өтетін азаматтардың заңды мүдделеріне нұқсан келмеуі керектігін айтты. Тұрғындарға түсіндірме жұмыстарының әлсіздігінен іс сотқа дейін жетеді екен. Сондықтан заңды біліп, құқығыңызды қорғаңыз.